Қазақстан Қарулы күштерінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік әзірлігіне қатысты ауқымды тексеру басталды. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жетекшілік ететін бұл шара аясында құрамалар мен әскери бөлімдердің жауынгерлік дайындық деңгейі, басқару жүйесінің тиімділігі және тапсырмаларды орындау қабілеті жан-жақты сарапқа салынбақ.
Жауынгерлік әзірлікті тексеру 19 ақпанға дейін созылады. Осы уақыт аралығында әскери полигондарда жауынгерлік машықты шыңдауға бағытталған оқу тапсырмалары орындалады. Десанттық бөлімшелер жоғары дайындық деңгейіне көтеріліп, нақты міндеттерді орындау үшін тиісті аймақтарға бағытталмақ.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ
«Тексеру барысында негізгі жауапкершілік Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысына жүктеледі. Ол бөлімшелердің белгіленген аудандарда уақытында шұғыл орналасуын және дайындық кезеңінде де, жауынгерлік оқу-жаттығу іс-қимылдары барысында да үздіксіз басқарылуын қамтамасыз етуі тиіс».
Тактикалық жаттығу үш тәулікке созылады. Осы кезеңде жеке құрам роталық тактикалық топ құрамында нақты жағдайға жақындатылған практикалық іс-қимылдарды пысықтайды. Жаттығу сценарийі бойынша бөлімшелер елді мекендерді заңсыз қаруланған шартты құрылымдардан тазарту операциясын жүргізеді. Сонымен бірге, жауынгерлік техника қаруы мен атыс қаруынан бақылау және оқу атыстары орындалады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ
«Әскери қызметшілер сондай-ақ, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерінен де сынақ тапсырады. Әсіресе дене даярлығы, штаттық қарудан атыс жүргізу дағдылары, тактикалық медицина, байланыс құралдарымен жұмыс және өзге де бейіндік пәндер бойынша даярлық деңгейі жіті назарға алынатын болады».
Қорғаныс министрі әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы жоғары деңгейде болуы тиіс екенін атап өтіп, жарғы нормаларын сақтау мен қауіпсіздік талаптарын орындау басты басымдық екенін айтты. Инспекция аяқталғаннан кейін әскерлердің жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайындығына жан-жақты баға беріледі.
Лаура Бабас






