Кентау қаласы, Хантағы ауылында «Қаратау қызғалдақтары» атты таулы аймақта сурет салу байқауы өтті. Шара Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ экоағарту және туризм бөлімінің қолдауымен өткен. Іс-шара ҚР Қызыл кітабына енгізілген қызғалдақтарды қорғауға бағытталған.
Жалпы қызғалдақтарды қорғау шараларын ұйымдастыру мақсатында елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлері жыл сайын қызғалдақтардың гүлдеу кезеңінде «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы аясында «Қызғалдақтар күнін» атап өтеді. Шара гүл патшасы қызғалдақты жұлмай тамашалауға, оның табиғаттан жойылып кетуіне жол бермеуге шақырады.
Айта кетейік, Батыс Тянь-Шань тауларының тармағы болып келетін Қаратау тауларының орталық бөлігінде орналасқан Қаратау қорығында қызғалдақтың 6 түрі кездеседі. Оның ішінде 2 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олар Грейг және Альберт қызғалдағы.