Úı ANONS Қызғалдақтар неге қурады?

Қызғалдақтар неге қурады?

Шымкенттегі қызғалдақтар неге қурай бастады? Көктемнің көркін келтірген гүлдер қала тұрғындарының да көңілін көтеріп, әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Көздің жауын алатын қызғалдақтардың тең жартысы жағымсыз күйге түскен. Жауапты мамандар не дейді?

 

Шымкент қаласын гүлдендіру үшін жауапты мекемелер барын салды. Мәселен биыл орталық көшелерге, жол жиектеріне 1 млн 600 түп қызғалдақ отырғызылды. Қала көшелеріне сән берген бұл гүлдер, қараусыз қалды ма? Әлде күннің ыстығы  әсер етті ме? Қурай бастады. Мұны қала тұрғындары жаппай әлеуметтік желілерге  жүктеп жатты. Ол аздай, серуенге шыққан тұрғындар, гүлдің жайы көңіл көншітпейді  деп отыр.

 

«Қайбір нәрсе болмасын, астында қорек болмаса, егіп астына қорегін беретін болса, өлмейді. Өзімізде өсіріп, берсе болады ғой. Млн-дап ақша жұмсағанша, өзімізде егіп, күленкімен жауып, ұрығын алып, сосын еге бер».

«Ектік, ектік, жасадық дегені. Былайша айтқанда рәсуа кетіп жатыр. Су жоқ, күтімі жоқ».

«Дажы болса, көпжылдық гүл еккені жақсы ғой. Біздің Оңтүстікте қандай гүл ексеңде, тұрады ғой. Өсе береді. Бір айлық, 1 апталық егудің не керегі бар. Ақшаның соры ғой».

Бұл қураған қызғалдақтар үшін 236 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның 850 мыңнан астамы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында жекеше әріптестердің өз есебінен отырғызылса, қалғаны әкімдіктің қаражатына егілген. Дегенмен, мұндай әсем гүл үшін тыңғылықты қайта-қайта суару қажет емес дейді әкімдік өкілдері. Өйткені, бұл қызғалдақ небәрі 10-15 күн ғана тұратын көрінеді.

 

ЖАНДАР СЕЙІТОВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ БОЙЫНША КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ САНИТАРЛЫҚ  БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Қызғалдақтың негізі қасиеттері гүлдеу уақыты 10-15 күн. Өздері гүлдеп, әдемі болып ашылып тұрады. Өздері гүлдерін тастай бастайды. Қазір халықтан наразылық туындап жатыр. Бұл қызғалдақ суғарылмайды. Қыс бойы жатады. Қазір оны көпжылдық гүл, бір жылдық гүлге ауыстыруға кірісеміз».

Агротехникалық талаптар сақталмаған өсімдіктер тез солатынын ескерсек, алдағы уақытта қаладағы гүл түптеріндегі топырақтар толық ауыстырылады деді маман. Яғни, әрбір орын 20 -30 см тереңдікте қазылып, қара топырақ салынбақ. Айта кетейік, әзірге Бәйдібек би, Жібек жолы, Ұ.Арғынбеков көшелеріндегі топырақ толығымен ауыстырылған.

Нұргүл Жолымбетова