Жасанды интеллект мұғалімнің орнын баса ала ма? Бүгінде білім жүйесі заман талабына қаншалықты бейім? Шымкентте өткен халықаралық конференцияда отандық және шетелдік мамандар осы сұрақтардың жауабын іздеді. Оқу үдерісіндегі соңғы жаңалықтар мен әдістер жайлы келесі сюжеттен көре аласыз
Ғылыми пікірталас, тың идеялар мен нағыз тәжірибе алаңы. «Мирас» университеті халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылардың басын қосты. «Жоғары мектеп ғылымы – 2026» конференциясы аясында қатысушылар білім берудегі соңғы өзгерістерді талқылады. Басты назарда — заманауи технологиялардың оқу жүйесіне әкелер жеңілдігі мен тиімділігі.
ЖӘМИЛӘ СИҚЫМБАЕВА, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, «MIRAS» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ: «Бұл жаққа Түркиядан, Ресейден және Қырғыстан, Өзбектан жақын шет елдерден, алыс шет елдерден қонақтар келіп, өз пікірлерімен бөлісіп жатады. Бұндағы біздің мақсатымыз әртүрлі ғалымдармен пікір алмасып, біздің ғылымымыздың дамуына үлес қосу».
Жиында цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктеріне айырықша назар аударылды. Конференцияға Өзбекстаннан арнайы келген оқытушы Зарина Бабаева заманауи технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдердің білім жүйесіне тигізер әсері туралы айтты. Оның айтуынша, жасанды интеллект білім әлеміне жол көрсеткенімен, шынайы ұстаздың орнын ешқашан баса алмайды
ЗАРИНА БАБАЕВА, ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫ, ОРЫС ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ КАФЕДРАСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ: «Қанша айтсақ та, ұстаздың жанды сөзі мен тікелей қарым-қатынасы бәрінен маңызды, оны робот алмастыра алмайды. ChatGPT немесе жасанды интеллект — бұл тек көмекші құрал. Сондықтан біз тізгінді толықтай технологияға беріп қоймаймыз. Негізгі білімді мұғалім береді, ал цифрлық жүйе тек қосымша мүмкіндік ретінде қызмет етеді»
Педагогтардың пайымдауынша, бүгінгі мектеп оқушылары мен студенттер гаджеттер мен цифрлық бағдарламаларды еркін меңгерген. Сондықтан білім беру жүйесі де заман талабына сай өзгеріп, жастардың қызығушылығы мен олардың цифрлық сауаттылық деңгейіне бейімделуі тиіс.
САПАРГҮЛ ҚУАНЫШОВА, «MIRAS» УНИВЕРСИТЕТІ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ СЕКТОРЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ: «Жасанды интеллектіні қолдану студенттердің білім деңгейін айтарлықтай көтереді. Біздің университетте цифрландыру бағытында нақты жобалар іске асып жатыр. Соның бірі — қашықтан және онлайн оқыту жүйесі. Арнайы бағдарламаның көмегімен студенттеріміз қай жерде жүрсе де, сапалы білім алуға мүмкіндік алды».
Айта кетейік, халықаралық конференцияға ұлттық нақыш ерекше көрік берді. Университеттің негізгі залында студенттердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, қонақтарға қазақы қонақжайлылық көрсетілді. Меймандарды ұлттық тағамдармен қарсы алған ұжым, күмбірлеген күймен шараның мерейін асырды.
Ботакөз Әнуар

