Úı ANONS Экс-депутатқа қайта іздеу жарияланды

Экс-депутатқа қайта іздеу жарияланды

фото Айқын газеті

Шымкент қалалық мәслихатының бұынғы депутаты Қуаныш Дәулетәлиевке сот екінші рет іздеу жариялады. Ол «Қорлау» бабымен айыпталып, ісі сотқа өткен еді. Жәбірленушінің айтуынша, экс-депутат оның ар-намысына тиетін сөздер айтып, балағаттаған.

«Сот қаулы етті.  1976 жылы 2 желтоқсанда туылған Шымкент қаласы Қазығұрт мөлтек ауданы М. Төлебаев көшесінің тұрғыны Дәулетәлиев Қуаныш Әмірсейітұлына қатысты іздеу жариялансын. Ұсталғаннан кейін сотталушы Дәулетәлиев сот мәжілісіне қатысуы қамтамасыз етілсін, сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілсін».

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиевке екінші рет іздеу жариялады. Іс сотта тағы тоқтамға алынды. Айыпталушының ісі сотта «Қорлау» бабымен қаралып жатқан еді. Сот жабық өткен. Іс бойынша үкім шығаруға жақындаған болатын.

Асхат Есенов, судья: «Сотталушы сотқа беймәлім себептермен келмеуіне байланысты сотпен оған қатысты іздеу жарияланады. Қылмыстық іс тоқтамға алынды және сотталушы ұсталғаннан кейін қайтадан жаңартылып қаралады».

Судья сот отырысын кеше өткізуі керек болған. Сот кабинеті жүйесіндегі мәліметке қарағанда, судья бүгінгі сот отырысына айыпталушыны мәжбүрлеп, күшпен жеткізуге қаулы еткен. Бірақ полиция экс-депутатты сот отырысына жеткізе алмады. Іс бойынша жәбірленуші деп танылып, жекеше айып түсірген Ескендір Жамбаев Дәулетәлиев ар-намысыма тиді, балағаттады дейді.

Ескендір Жамбаев, жәбірленуші: «Балағаттап, ар-намысыма тиіп, қорқытып, өзі қоқан-лоқы көрсетті. Оның өзінің екі баласын айыптап, арыз жазған болатынмын. Ол да сот шешімімен қаралып, сот әділ шешім шығарып, балалары алаяқтық айыбымен жазаланды. Соның есебінен маған жеке кек сақтаған ба осылай қорқытып, балағаттап, намысыма тиетін сөздер айтты».

Дәулетәлиевті іздестіру шараларын ұймдастыру прокуратураға, қаулының орындалуы полицияға тағы жүктелді. Экс-депутатты  іздеу туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында 2 қыркүйек күні пайда болған.

Айыпталушы бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Шымкент қалалық мәслихатының ресми сайтындағы деректерге қарағанда, Дәулетәлиевтің мамандығы заңгер. Бірақ 25 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Ол мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.

Дилара Иса