Úı ANONS Іздеу жарияланған экс-депутаттың ісі тоқтатылды

Іздеу жарияланған экс-депутаттың ісі тоқтатылды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты 49 жастағы Қуаныш Дәулетәлиевке қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Бұған дейін сот оған себепсіз сот тергеуіне қатыспаған соң екі рет іздеу жариялаған еді. Оған «көпшілік алдында қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту» айыбы тағылған. Сотталушының кінәсі сотта дәлелденген. Десе де Дәулетәлиев кінәсін толық мойындамаған, істеген іс-әрекетіне өкінбеген.

«Сот оны Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп таныды. Қылмыстық кодекстің 71-бабы 1-бөлігінің 1) тармағымен қылмыстық теріс қылық ісінің ескіру мерзімдері өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫ

Сот жәбірленушінің азаматтық арызын қанағаттандырған, яғни моралдық өтемақы ретінде миллион теңгеден аса қаржы өндіруге қаулы шығарған. Бұдан бұрын Қуаныш Дәулетәлиевке сот тергеуіне екі рет себепсіз келмегені үшін іздеу жарияланған еді.

Жәбірленушінің айтуынша, экс-депутат оның ар-намысына тиетін сөздер айтып, балағаттаған. Іс сотта жабық қаралған. Айыпталушы бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Ол мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енбеген.

Дилара Иса