Түркістан облысы Бәйдібек ауданында қасқыр мен шиебөрілер қорадағы малға түсіп, түз тағысынан тыным болмай тұр. Малшылар, қасқыр жылдағыдан ерте әрі үйірімен шапты деп отыр. Олар жергілікті әкімдіктен көмек сұрайды.
«Міне, 1 күнде екі атты жеп, екі тайды тартып кетті».
Дәл қазір Қаратаудың етегінде жағалай орналасқан Бәйдібек ауданы Майбұлақ, Жарықбас, Қарағай, Ақтас, Жаңаталап және Ағыбет ауылы тұрғындарының қорадаға малына қайта-қайта қасқыр шауып, талап жатыр. Бақташы Аян Мыңбай жыртқыштардың малқа қырғидай тиюі тамыз айынан басталғанын айтады. Қанша күзетіп, басында мылтықпен тұрса да қасқырдың бетін қайтара алмаған.
Аян Мыңбай, бақташы: «Биыл тамыз айында 12 бастай жылқымызды жеп қойды. Ірісі бар, майдасы бар. Басында жатып атсақ та, қоймайды. Көбейіп кеткен жылдағыдан. Қалған жылқыларды бөліп қойғанбыз, үйде. Әлден шөп беріп жатырмыз. Қыста не беретінімізді».
Қылышбек Өсербаев, шаруа: «Майбұлақта да, мына жағымыз Жарықбас елдімекені бар, Қарағай бар, Ақтас елдімекені бар, қоймай жатыр. Бір күні ол жаққа тисе, бір күні Жаңа талапқа тиіп жатыр. Далада қалып кеткен тана торпақты қоймай жатыр. Ана көршілер танам жоқ дейді. Ойбай деп барса, өлігі жатыр».
Мал асырап, жан бағып отырған Әтірхан Кемелбековтің де қыс түспей қорадағы 7 тайы мен 2 құлынын қасқыр шауып, жеп кеткен. Амалы құрыған шаруа бар малын тай-тұяғымен жинап, қорасын күндіз-түні қарауылдап отыруға мәжбүр. Ол биыл қасқыр ерте шықты дейді алаңдап.
Әтірхан кемелбеков, шаруа: «Бұрын қыста жейтін. Қаңтар, ақпан, наурызға дейін. Биыл ерте бастады. Өткен 2 айдың ішінде 9 малды жеп кетті. Құлынның бәрін қораның ішіне қамап тастадым. Кейде күндіз де қасқыр қораға түседі. Қайда жегенін артынан іздеп тауып аламыз».
Шаруалардың сөзінше, қасқыр жеке-дара жүрмейтін көрінеді. Үйірімен жүргенін көргендер көп. Қазірден қорадағы малын жарақаттап, не қарнын жарып өлтіріп кетіп жатқан шаруалар қысқа қайтеміз деп алаңдайды. Малды былай қойғанда түнде тұрғындардың өзі сыртқа емін-еркін шығудан қалдық дейді күйініп. Айдың-күннің амандығында қорадағы малын алдырып жатқан тұрғындар жыртқыштармен өз бетінше күресуге шамамыз жетпейді деп отыр. Айтуларынша, қасқырды атуға рұқсат жоқ. Оның үстіне қолдағы мылтықтың дерлік бәрін жинап алған. Ал аңшыларды жалдау қымбат. Оны тұрғындардың қалтасы көтермейді.
Әлмырза Еркебаев, шаруа: «Қасқырды ұстап жатқан ешкім жоқ. Қасқыр әр туғанда оншақты туады. Сондықтан бізге көмек керек. Қасқырды аулау керек я дәрі беру керек па?».
Ауыл әкімдігі аңшыларды шақыртуға бюджеттен ақша қарастырылмағанын айтады. Ал аңшылар қоғамына екі рет ресми хат жолдаған. Дегенмен әлі күнге жауап ала алмаған. Аудан әкімдігі болса тұрғындардың шағымынан бейхабармыз дейді.
Бақыт Қырғызәлиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары: «Біз бүгінгі таңға ақпаратты толық талдап, аңшылар қоғамына хабарласамыз. Тиісті аңшыларды жіберсе біз оқ-дәрімен, тамақпен қамтамасыз етеміз».
Әкімдік тұрғындардың сөзі расталса және аңшылар қоғамы қол ұшын созса мәселе бір апта, он күнде шешіледі деп сендірді.
Дилара Иса
