Қазақстанда жүргізушісіз ұшатын такси іске қосу жоспарланып отыр. Бұл – әдемі әрі заманауи жоба. Алайда құны өте жоғары. Әзірге шенеуніктер оның болашағы жайлы айтып отырса, сарапшылар дайын ережелер, инфрақұрылым және нақты есеп-қисапсыз мұндай бастамалар тек таныстырылым деңгейінде қалып қоюы мүмкін екенін ескертеді.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда аэротаксидің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер жан-жақты қарастырылып жатыр. Барлық техникалық әрі реттеуші талаптар уақытында шешімін тапса, Қазақстанда алғашқы әуе таксилері 2027 жылға қарай қолданысқа енгізілуі мүмкін. Жоба аясында қала ішінде және қала сыртында жолаушы тасымалдайтын жүргізушісіз ұшу аппараттарын пайдалану көзделіп отыр.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Бұл дрондар адамдарды тасымалдауға арналған және жүргізушісіз жұмыс істейді. Менің ойымша, алдағы бес жыл аралығында бұл үрдіс Қазақстанда да іске асады. Сондай-ақ, елімізде мұндай аппараттарды өндіру бойынша нақты жоспарлар жасалған».
Алайда сарапшылар бұл мәлімдемелерге күмәнмен қарайды. Тіпті жоғары технология саласында әлем көшбасшыларының бірі Қытай да әлі күнге дейін тек аэротаксиді емес, оған қажетті инфрақұрылымды да әзірлеу сатысында тұр. Мұнда ұшу ережелері, арнайы әуе дәліздері, тұрақ аймақтары және ең бастысы – жауапкершілік мәселелері қарастырылуы керек. Себебі, егер екі жүргізушісіз такси әуеде соқтығысса, кім жауапты болатыны белгісіз.
АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ: «Қазіргі уақытта жүргізушісіз таксидің туристерді, мүмкін, көлік жүрмейтін қорықтар мен арнайы орындарға жеткізуі жоспарланып отыр. Алайда, елімізде мұны жүзеге асыруға қажетті ештеңе дайын емес. Меніңше, бұл жоба тек көрінісі әдемі болу үшін жасалған».
Сондай-ақ, мамандар аэротаксидің қарапайым көліктерге қарағанда бірнеше есе қымбат болатынын ескертеді. Мұндай «болашақтың ыңғайлығы» қарапайым қазақстандықтардың және туристердің бәріне қолжетімді бола қоймайды.
«Ол қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Өйткені қарапайым халық күнкөрісіне жеткізе алмай жүр».
«2027 жылы ұшатын көлік пайда болатынына сенемін. Оның бағасы 10-15 мың болуы мүмкін. Мен оған отырар едім».
«Білмеймін 2027 ондай болмайды-ау. Әлі ерте сияқты оған. Қалта көтермейді деп ойлаймын. Себебі Қазақстанда қаржылық жағдай әлі дамымаған. Көтермейді деп ойлаймын менде. Әрине отырасың ғой. Бірақ Қазақстан оған дейін дамиды деп ойламаймын. Себебі шетелдің өзінде әлі ондай нәрсе шығарған жоқ қой».
Көлік министрінің хабарлауынша, әуе таксилерін сатып алуға шамамен 300 миллион доллар жұмсау жоспарланып отыр. Сарапшылар бұл технологиялық бастамалар нәтиже бермей, тек қағаз жүзінде қала ма деп алаңдайды. Өйткені бұған дейін ЛРТ жобасы да бірнеше жыл бойы іске қосылмай, әлі күнге дейін толық жұмыс істей қойған жоқ.
Ботакөз Әнуар
