Анда — санда қоғамдық көлікке мінсең саналуан кейіпкерлерге кезігесің. Дап-дайын сюжет. Иығымнан біреу түртіп, «мында орын бар, кіп-кішкене бала отыр. Орын беретін шығар» деді үлкен кісі. Иба сақтап шақырып жатқан ешкім болмаған соң тұра берейін дедім. Әйтпесе автобустың артқы орындығының бәрінде жастар отырған болатын. Әлгі кішкентай баланың анасы қасында тұр екен «Не болды, менің баламды көріп қалыпсыңдар. Өзім тұрып тұрмын, мықты болсаңдар жастарды тұрғызыңдар орнынан» деп тұлан тұтты. Құрысын, жұлып жеуден тайынбайды-ау. Көкбет келіншектен түсіп құтылдық. Келесі аялдамада жас жігіт мінді. Әлгі «орын бар» деген үлкен кісіге әлгі жас жігіт «Аға, мұнда орын көп қой. Жастар отыр. Мұнда келсеңізші» деген еді о кісі бас тартты. Ол кісі маған орын тауып беріп еді, жасаған жақсылығы минут өтпей өзіне қайтты. Өмір бумеранг… Хош, сонымен… Екі-үш аялдама өткенде жасы үлкен екі апа мінді. Жастар міз бақпады. Телефон деген жақсы болды ғой. Жан-жағына қарамай үңіліп отыра беретін. Шыдай алмай кетті-ау әлгі жас жігіт «Жастар, түңілдім мен сендерден. Қалай беттерің шыдап отырсыңдар? Апаларға орын бермейсіңдер ме? Ұяттарың жоқ екен. Тәрбие көрмегенсіңдер ғой өйткені. Ата-аналарыңның атына кір келтірмейін деп иба сақтап жүрер едіңдер. Мына орынның бәрі де үлкен кісілерге, аяғы ауыр келіншектерге, мүгедектерге арналған орын. Ал сендер сол орында отырсыңдар. Өйткені рухани мүгедексіңдер… Біз қалай еліміздің болашағын сендерге сеніп тапсырамыз. Түрлерің мынау. Қарапайым ғана мәдениеттен жұрдайсыңдар. Өйткені ұяттың ауылы сендерден алыс қонған…» деді.
Ауыр үнсіздік орнады… Жастардың ұят көбесін сөккен жігітке қарап «Бар екен ғой. Шүкір. Көкірек көзінде намыс оты сөнбеген қазақтың жалындаған жастары бар екенсіңдер ғой сендер» дедім…
Г.ЖҰМАШ

