Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Археология орталығы Ордабасы мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мамандарымен бірлесіп, сондай-ақ Петроглиф іздеушілер қорының қолдауымен Ордабасы ауданындағы Қаңлы дәуіріне жататын қорымдар кешенін зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.
Қазба барысында археологтар бірнеше катакомбалық жерлеу орындарын ашып, олардың арасынан ер адам мен әйелдің ерекше жұптық жерленуін анықтады. Мамандардың айтуынша, бұл – соңғы бірнеше онжылдықтағы ең сирек әрі ерекше археологиялық олжалардың бірі.
Осы жерлеу камерасының түбінен археологтар бойшаң, ірі денелі ер адам мен нәзік әйел адамның сүйектері қойылған ерекше жұптық жерлеуді анықтады. Бұл жаңалық Оңтүстік Қазақстан аумағындағы катакомбалардан табылған ондаған жерлеу орындарының арасында айрықша назар аудартады. Әдетте мұндай камералардың едені қарапайым саз топырақтан тұрса, бұл қабірдің асты ірі қыш құмыра – хумның сынықтарымен арнайы төселген. Археологтардың болжамынша, мұндай рәсім ерекше ғұрыптық мәнге ие болған.
АЛЕКСАНДР ПОДУШКИН, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОФЕССОРЫ: «Камераның 80 пайызы қыш сынықтарымен төселген, сол жерге сүйектер қойылған. Әйел адамның сүйегі сол қырымен, тізесін бүгіп жатқызылған. Бұл – бүктетілген жерлеу түрі. Мұның бәрі діни дуализм түсінігіне, яғни о дүниедегі өмірге сенім ұғымына сәйкес келеді. Бүктетілген қалып – ананың құрсағындағы ұрықтың күйін бейнелейді. Себебі көптеген халықтар өлімді қайта туу актісі ретінде қабылдаған».
Хум – астық пен өзге де азық-түлік сақтауға арналған үлкен қыш ыдыс. Ол отырықшы егіншілік мәдениетінің негізгі белгілерінің бірі саналады. Алайда жерлеу орнынан археологтар жебе ұштарын, белдік пен аяқ киімге арналған қапсырмаларды, сондай-ақ көшпелі тайпаларға тән басқа да бұйымдарды тапқан. Мамандардың пікірінше, мұндай олжалар Қаңлы мемлекетінде көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара ықпалдасып, қатар дамығанын көрсетеді.
ГҮЛМИРА СТАМҚҰЛОВА, АРХЕОЛОГ: «Мұнда аяқ киім мен белдік қапсырмалары, негізінен көшпенділер пайдаланған жебе ұштары табылды. Бұл – ғұрыптық аспа. Ол тұмар қызметін атқарған. Мұнда бір үлкен және бірнеше кіші тесік бар».
Жалпы қазба жұмыстары барысында археологтар Қаңлы мемлекетіне тән бес катакомбаны зерттеген. Бұл жерасты нысандары ұзақ уақыт бойы әулеттік жерлеу орны ретінде пайдаланылған. Табылған жәдігерлердің қатарында жылдам айналатын қыш шарығында жасалған сапалы керамикалық ыдыстар мен күрделі өрнекпен безендірілген бұйымдар да бар. Сонымен қатар археологтар катакомбаларды салған ежелгі құрылысшылар пайдаланған ерекше құралды – үш жағы тегістелген ысқылау тасын анықтады. Ол жерасты дәліздерінің қабырғаларын өңдеу кезінде қолданылған.
АЛЕКСАНДР ПОДУШКИН, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОФЕССОРЫ: «Біздің археология орталығы 60 жылдан астам уақыт бойы қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ катакомбалар жыл сайын бізге жаңа тосынсыйлар ұсынады. Бұл жаңалықтар Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі – Қаңлы мемлекетінің материалдық және рухани мәдениеті туралы түсінігімізді кеңейтеді».
ЗҒылыми-зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тарихи ландшафт қайта қалпына келтіріледі. Ал табылған барлық жәдігерлер зертханалық және ғылыми сараптамадан өткен соң Қазақстан Республикасының музей қорларына табысталмақ.
Нұргүл Жолымбетова





