«Жан дүниеме лайықты рөлді күтіп жүрмін»

Жуырда жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың “Жоғалған Жұрнақ” трагедиясын тамашалап отырып, ананың рөлін сомдаған әртіс шеберлігіне тәнті болдым
Құпия Рахымбердиев
Құпия Рахымбердиев

Құпия Рахымбердиева – 1948 жылы, қаңтар айының 19-жұлдызында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бірлік селосында дүниеге келген. 1970 жылы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы театр жанындағы театрлық студияны тәмамдайды. 1993 жылы ҚР еңбек сіңірген әртісі атағын иемденіп, 2000 жылы «Ең үздік жыл әртісі» болған. 2008 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2012 жылы Оңтүстіктің 80 жылдығы құрметіне орай «Оңтүстікке еңбегі сіңген» орденімен марапатталған. 1980 жылы ең алғаш қазақ театры сахнасында Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасындағы» Джульеттаны сомдаған қазақ әртісі. Жуырда жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың “Жоғалған Жұрнақ” трагедиясын тамашалап отырып, ананың рөлін сомдаған әртіс шеберлігіне тәнті болдым. Осылайша Құпия апамыздың сахнадағы шынайылығымен баурайтын сыр-құпиясын білуге құмартып, әңгімеге тарттым.

Алдын-ала келіскен уақыттан ертерек барып, Құпия апамды күттім. Бар ойым – өмірін сахнаға арнаған өнер иесімен әңгімеміздің қалай өрбуі. Осылай ойға шомып отырғаным сол, Құпия Рахымбердиеваның өзі кіріп келді. Сәлемімді қабыл алған ана мені бұрыннан танитын адамдай жадырап сәлемдесіп, «Бір түп алма ағашы» атты спектакльдің репетициясынан келгенін айтып әңгімесін бастап кетті.

Жуырда жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың “Жоғалған Жұрнақ” трагедиясын тамашалап отырып, ананың рөлін сомдаған әртіс шеберлігіне тәнті болдым
Жуырда жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың “Жоғалған Жұрнақ” трагедиясын тамашалап отырып, ананың рөлін сомдаған әртіс шеберлігіне тәнті болдым

– Білесің бе, Мөлдіржан?! Бір өзіме лайықты, өзімнің жан дүниеме лайықты, бір ауыз сөзбен жұртқа тоқтам айтқан қазақтың нағыз дана анасының болмысын танытатын рөлді елдің алдында сомдағым келіп жүр, – деді. Жоспарын ашық айтқан кейіпкерімнің ойын оқығандай болдым. Сыр бүкпей айтқан сөздеріне таң қалып, «Сізді есіміңізге қарап жан дүниеңіз жұмбақ, құпия деп ойлаппын» дедім… Сөздің төркінін түсінген өнер иесі «Иә, дұрыс айтасың… Мен ашық адаммын. Ақкөңілмін. Ал есімімді Дүйсебай атам қойған екен. Қасиетті Құран Кәрімнен «Кітия» деген сөзді негізге алып. Бірақ орыс мектебінде оқыған соң, мені баршасы «Катя» деп кетті. Кейінірек атам, апам барлығы қазақта «құпия» деген бар емес пе деп, Құпия деп кетіпті».

Ата-апасын ауызға алғанда, жүзінен сағыныш лебі байқалды. Сәл кідіріп, терең тыныстап алды да сөзін сабақтай жөнелді. – Балалық шағым таудың бөктерінде өтті. Алатаудың баурайында Суықтөбе деген тау болатын, көгалда жүгіріп-аунап ойнайтынбыз… Әкемнің әпкесі өзі балалы болмаған соң, күйеуі екеуі мені асырап алған екен. Рахия апам мен Дүйсебай атам мені өз баласындай көріп, мойындарына мінгізіп өсірді ғой. Атам жылқышы болатын, жайлауға жылқыларын айдап, шаруасын жасап жүретіні әлі де көз алдымда. Кейін ол кісілер өмірден өткен соң ғана, өзімнің ата-анамның қамқорлығында болдым. Әкем – Рахымберді кезінде колхоз бастығы болған адам, ал анам – Күлтай үй шаруасында балаларын баққан. Негізі менен басқа 6 бауырым – 2 әпкем, 1 сіңлім, 3 інім бар, мен үшіншісімін.

Ойын бөлгім келмей, ұйып тыңдап отырдым. Бір қызығы Құпия апайымыздың жасы 65-те екенін сол сәтте білдім. Мүлдем ұқсамайды. Қимылдары да ширақ. Сахнаның сұлулықты талап ететінін білетін кейіпкерім жақсы күтінетін сияқты. Маған солай көрінді. Киген шляпасы да, таққан әшекей бұйымдары да заманауи үлгіде. Дөңгеленген жүзі, нұрланған көздері, қаққан кірпіктері де сол баяғы сұлулығын сақтап қалған.

«Мені қазаққа танытқан, мойындатқан  «Джульетта»
«Мені қазаққа танытқан, мойындатқан «Джульетта»

– Сіздің әшекей-киім талғам-дарыңызға тәнті болып отырмын, кіммен кеңесесіз? – дедім ойымды жасырмай…

– Өзім таңдаймын. Кей кездері қызым көмектеседі. Кез келген дүниенің сұлу әрі сымбатты болғанын жақсы көремін. Өмірімнің де осындай сипатта өтуін жастайымнан армандағанмын. Егер адам сұлулыққа жаны құмартса, оны қоршаған адамдардың жан дүниесі де сұлулыққа толы болады дейді.

Осы кезде талай бейнелерді шебер сомдап, қазақ театрында ерекше құрметке бөленген әртіске қарап бойымды мақтаныш кернеді. Өнерді шын сүйетін кейіпкерімнен «Әртіс болу бала күнгі арманыңыз ба? Өнерге келмегенде қай мамандық иесі болатын едіңіз?», – дедім. Өткенді көз алдына жүгірткен ол:

– Жоқ, мен әртіс боламын деп ойлаған емеспін! Бала кезімде дәрігер болуды армандадым. Себебі, Рахия апам көп ауырды. 49 жасында қайтыс болды. Сол кезде екі қолымды жайып тұрып, мен дәрігер боламын, Сізді емдеймін деп уәде беретінмін. Ал кейін уақыт өте келе ауылымыздан Зәмзәгүл Шәріпова деген әртіс шықты ғой. Ол ауылға келгенде бәріміз оны қоршап, сұлулығына қызыға қарайтынбыз. Соңынан еріп жүретінбіз. Өзі сондай әдемі, қазір қартайса да сұлулығы сол күйі көрінеді маған. Тіпті оның киінген киім үлгісінің өзі керемет еді. Басына киген шляпасы мен таққан алқалары, аяқ киіміне де қызығатынмын. Сондықтан болса керек, әртіс боламын деп шештім. Өмірдің ағыны мен тағдырдың жазуы театрға әкелді ғой. Бірақ мен әртіс болмағанда міндетті түрде дәрігер болар едім…

Сахнада өткізген 40-тан астам жылында 200-ге жуық басты рөлді сомдаған өнер майталманынан ең сүйікті рөлі жайында сұрадым. Байқағаным, сахна дегенде жүрегі алып ұшатын кейіпкерімнің жаны жадырай түсті. Жүзі бал-бұл жайнап: – Мен ең алғаш ойнаған рөлім – дипломдық қойылымда «Фархат-Шырында» Шырынды сомдадым. Әрине, осы рөлім өзіме ыстық, жаныма жақын. Алайда ең сүйікті рөлім ағылшын жазушысы Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульет-тасындағы» Джульетта. Өте қиын болғанын жасырмаймын, бірақ өзімнің сүйсініп, ынтызар болып ойнаған рөлім осы. Менің өнерімді қазаққа танытқан, мойындатқан да осы «Джульетта» ғой. Қазақ сахнасында тұңғыш рет қойылған соң, қобалжу да болғаны есімде. 32 жасымда 14 жасар қыздың болмысын көрсеттім. Алғашында бәрі «Бұл қалай? 14 жасар қызды 32 жасар әйел қалай ойнайды?!» деді. Кейіннен жұртшылық жақсы қабылдап, мақтаулар айтты.

Асқар Тоқпанов ағамыз «Ой да бар, ақыл, жүрек, сезім де бар осыңнан тайма Джульетта!» деп батасын берді. Бұл сәттер ешқашан есімнен шықпайды, – деді өткенін сағынып. Осы сәтте көз жанарына қарап байқағаным, өмірінің театр сахнасымен байланысты болғанымен мақтанатындай. Халыққа деген еркелігі де бар екен. Бұл әртістің өнерге деген сүйіспеншілігі мен құрметі болса керек-ті. Дәл осы кезде нағыз әртіс болуы үшін адам бойынан қандай қасиет табылуы маңызды?

1970 жылы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы театр жанындағы театрлық студияны тәмамдайды
1970 жылы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы театр жанындағы театрлық студияны тәмамдайды

– «Ең бірінші тазалық қажет» – деп шегелеп айтты сөзін. Қатқыл шыққан үні де театр талаптарының биік әрі қатаң екенін ұқтырғандай. – Өнерге деген тазалық керек. Жан дүниенің тазалығы. Адамның шынайы қасиеті, ақыл-парасаты биік болуы маңызды, актерлік шеберлік пен еңбекқорлық – деп жауабын қысқа қайырды.

Өмірлік жарыңыз да өнер адамы екен, қалай танысқан едіңіздер?

– Біздің жолымызды тоғыстырған – өнер. Біз осы қара шаңырақта табыстық. 1971 жылы Сансызбай Сытышев деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Ол кісі бұрын театрда әртіс болған. Көп жылдар Ж.Шанин атындағы қазақ драма-театрында директордың орынбасары қызметін атқарды. Қазір труппа жетекшісі. Алтынай деген қызымыз – банк қызметкері, Асхат атты ұлымыз – кәсіпкер болып жұмыс жасайды. Жүзіне шаттық ұялады. Күлімсірегенде де көз айналасындағы әжімдерінің өзі кәрілікті жеңдірмейді. Осылай театрдың сыры мен қырын меңгерген әртіспен сырласып отырып, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппын. Кенеттен «репетиция басталды» деген дауыс естілді. Жасы 65-ті алқымдаса да сахна гүлі болған кейіпкерім әрбір дайындыққа үлкен жауапкершілікпен қарайды «Мен барайын» деп сүйікті сахнасына асығып бара жатыр. Қоштасып, алғысымды білдіріп театрдан шықтым. Біраз адымдап, еріксіз «қара шаңыраққа» бұрылып қарасам, Құпия әпкем терезеден көз алмай маған қарап тұр екен. Қолымды бұлғап, жөніме кеттім. Бірақ бұл көзқарас маған құпия болып қалды.

Мөлдір Бекеева