Түркістан облысында жоғалып кеткен 2010 жылы туған Хасен Мардан Ғалымжанұлы облыс полицейлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде аман-есен Шымкент қаласынан табылды. Жасөспірім 21 наурыз күні Ордабасы ауданындағы тұрғылықты мекенжайынан шығып, Түркістан қаласына қыдырып келген.
Содан кейін жақындарымен байланысқа шықпай, із-түзсіз жоғалған.
Аталған дерек бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің және қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бірден іздестіру жұмыстарын бастап, тәжірибелі жедел уәкілдер жұмылдырылды.
Баланың ата-анасы ұлының телефоны үйінде қалғанын айтып, оның табылмай жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осыған қарамастан полицейлер жасөспірімнің жүрген бағытын анықтау үшін бейнебақылау камераларын мұқият зерделеп, Түркістан қаласын толық тексерді. Содан соң қосымша көршілес мегаполисте іздестіру жұмыстарын жалғастырды.
Нәтижесінде 15 жастағы жасөспірім Шымкент қаласынан табылды. Жедел уәкілдер оны ата-анасына табыстады.







