Түркістан облысында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Соның бір дәлелі – Сайрам ауданы, Ақсу ауылындағы Орталық саябақ жаңартылып, ел игілігіне берілді. Демалыс орнында балалар ойын алаңы, субұрқақ, тынығу орындарымен толық қамтылған.
Сайрам ауданындағы Ақсу ауылында орналасқан Орталық саябақ жаңартылып, халық игілігіне берілді. Жаңғыртылған демалыс аймағы тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Өйткені, саябақ заманауи инфрақұрылыммен толық қамтылған. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл ақсақалдарымен бірге лентасын қиды.
Саябақтың орталық бөлігіне әсем субұрқақ орнатылып, айналасы көгалдандырылған. Сонымен қатар, 20-ға жуық аттракцион іске қосылып, балалар мен ересектерге арналған қауіпсіз әрі жайлы демалыс мүмкіндіктері қарастырылған. Келушілер үшін фуд-корт пен тынығу орындары да жасақталған.
Жаңартылған саябақ енді аудан тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қоспақ. Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында 243 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде 39 этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – қоғамдық келісім мен бірліктің жарқын көрінісі.
Нұргүл Жолымбетова






