Úı ANONS Абай ауданында ветеринариялық заң талаптары түсіндірілді

Абай ауданында ветеринариялық заң талаптары түсіндірілді

Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау кезінде ветеринариялық талаптарды сақтау – малдың амандығы мен халық денсаулығының кепілі. Осыған байланысты Абай ауданында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жауапты мамандар мал асырап отырған тұрғындармен кездесіп, заң талаптарын жан-жақты түсіндірді. Десе де, тұрғындар, жайылым жердің жоқтығын айтып, еркін бағуға мәжбүрміз деп отыр. 

 

ҰЛТУАШ БАЗАРХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Бұрын падашы бар кезде азанда жіберетінбіз. Кешке келетін. Қазір падашы түгіл таста жоқ. Азанда жібереміз. Кейбіреуі арқандайды. Кейбіреуі арқандамайды. Сосын сиыр қалаған уақытында бері қарай өтеді. Пойыз басады.  Сосын мынау станция бастығына өте ауыр болады».

 

Абай ауданының зейнеткері Ұлтуаш Базарханова жайылым жердің жоқтығы, халықтың мал бағуына кедергі келтіріп отыр дейді. Салдарынан, кейбір тұрғындар сиырларын сатуға мәжбүр болған. Өйткені, темір жолдың бойында ірі қараларды күтіп баптау қиындық тудырады екен. Сонымен қатар, қоршаудың жоқтығынан балалардың қауіпсіздігіне де  алаңдайтындарын жасырмайды.

 

ҰЛТУАШ БАЗАРХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Балаларымыз арғы жаққа футбол ойнауға кетеді. Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Пойыз ұрынып қалды ма, пойыз қағып кетті ма деп. Пойыз бір адамға тоқтау үшін қаншама вагон құриды, қанша адам құриды. Жолаушы болса,  сиыр басқанда 10-15 минут тоқтайды. Қой берші ол сиырды көп болса 100 мың болады. Тез тоқтаса қанша халық қырылады.  Сеткасы жоқ столбы бар».

 

Түсіндірме жұмыстары барысында мамандар негізгі талаптарға тоқталып, әрбір ауыл шаруашылығы жануары міндетті түрде ветеринариялық есепке қойылуы қажеттігін атап өтті.  Сонымен қатар,  дер кезінде бірдейлендіріліп, екпе алуы тиіс екені айтылды. Сондай-ақ мал иелеріне жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, санитариялық талаптарды сақтау және ветеринариялық қызметпен тұрақты байланыста болудың маңыздылығы түсіндірілді. Бұдан бөлек, пойыз жол маңына жануарларды қараусыз жібермеуді сұрады. Олардың айтуынша, жануарларды қараусыз жіберу жауапсыздықтың көрінісі.

 

ЕРСІН АХМЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ «ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ» ШЖҚ МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Шымкент қаласы аумағында соңғы үш жылда аса қауіпті ауру тіркелген жоқ. Эпизиотиялық ахуал тұрақты. Қала бойынша жануарларға жауапкершілікпен қарамауға байланысты 224 тұлғаға айыппұл салынды. Оның ішінде қаңғыбас ит мысықтар бар. Ит мысықтар туады. Сосын 10-15 күннен кейін қарауға мүмкіндіктері болмай, көшеге шығарып жіберді. Или біреуді тістеп алады. Сондай жағдайларда әкімшілік айыппұл қарастырылған. Ол полиция департаментінің құзыретінде».

 

Кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, заң талаптарын сақтамаған жағдайда қарастырылатын жауапкершілік те ескертілді. Мамандар мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті. Айта кетейік, Абай ауданы бойынша ірі қара малдардың саны 14 мыңға жуық. Ал, уақ жануарлардың саны  16 мыңнан асса,  жылқы малының саны  3500 — ді құрап отыр.

Нұргүл Жолымбетова