Қоғамдық орындарда кальян шегуге рұқсат беру мәселесі қоғамда қайтадан қызу талқылана бастады. Бастаманы қолдаушылар бұл қадам көлеңкелі нарықты заңдастырып, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп санайды. Ал қарсы тарап кальянның адам денсаулығына тигізер зиянын алға тартып, қолданыстағы тыйымды сақтап қалуды жөн көреді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынған. Соған қарамастан, кейбір қоғамдық тамақтану орындарының мәзірінен бұл қызмет әлі де кездеседі. Мейрамхана бизнесінің өкілдері тыйым мәселені түбегейлі шешпегенін, керісінше, нарықты көлеңкеге ығыстырғанын айтады. Олардың пікірінше, мемлекет миллиардтаған теңге көлеміндегі салықтан қағылып отыр, ал кәсіпкерлер құқықтық тұрғыдан белгісіз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан олар кальян қызметіне тыйым салудың орнына, оны лицензиялап, нақты талаптар мен ережелер енгізуді ұсынады.
ИГОРЬ КОПАЙЛОВ, «HORECA KAZAKHSTAN» ҰЛТТЫҚ МЕЙРАМХАНА ЖӘНЕ ҚОНАҚҮЙ БИЗНЕСІ КӘСІПОРЫНДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Біздің ұсынысымыз – кальян қызметін лицензиялау. Бұл ретте тек сертификатталған темекі қолданылуы тиіс. Сонымен қатар кальяндар міндетті түрде санитарлық өңдеуден өткізілуі қажет. Егер кальян қызметі заңдастырылса, бюджетке түсетін қосымша түсім шамамен 50 миллиард теңгені құрауы мүмкін»
Ресми статистика да бұл нарықтың тыйымға қарамастан өсіп жатқанын көрсетеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сәйкес, соңғы екі жылда кальянға арналған темекінің ресми импорты 12 еседен астам көбейсе, акциздік түсімдер шамамен сегіз есеге артқан. Палата өкілдері сұраныстың азаймағанын, ал тыйымның бейресми айналым мен заңсыз схемалардың қалыптасуына жол ашқанын алға тартады.
КСЕНИЯ СЕМЕНЧУК, «АТАМЕКЕН» ҰКП ӨҢІРЛЕРДІ, ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл қоспаның Қазақстанға әкелініп, дәл осы жерде тұтынылатыны анық. Яғни бұл транзиттік өнім емес. Кальян шегу жалғасып жатыр, рейдтер өтеді, біреулерге айыппұл салынады, біреулерге салынбайды. Қазір бизнестің бұл мәселені қалай шешіп жүргеніне қатысты нақты статистика жоқ. Бірақ мұндай жағдайлардың жемқорлық тәуекелдерін туындататыны түсінікті»
Дегенмен бұл ұсынысқа қарсылық білдірушілер де бар. Олар кальян шегудің адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретінін ескертеді. Мамандардың айтуынша, кальян жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесі ауруларының дамуына ықпал етіп, никотинге тәуелділік қалыптастырады. Бұдан бөлек, бір кальянды бірнеше адамның қолдануы жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттырады. Сондай-ақ кальян түтінінің зияны тек оны тұтынушыға ғана емес, айналасында отырған адамдарға да әсер етеді.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Менің ойымша, мұндай мәселелер міндетті түрде реттелуі керек. Кальян шегу толықтай заңдастыруға болатын зиянсыз әрекет емес. Ғылымда оның адам денсаулығына қысқа және ұзақ мерзімді зияны нақты дәлелденген. Сондықтан қоғамымызда бұл тыйымның енгізілгені дұрыс шешім болды деп есептеймін»
Қазіргі таңда Қазақстанда кальян шегуге кафе, мейрамхана, бар, түнгі клуб және өзге де қоғамдық орындарда тыйым салынған. Алайда соңғы уақытта осы шектеуді қайта қарау туралы ұсыныстар жиілеп, қоғамдағы пікірталас қайта жандана түсті.
Нұргүл Жолымбетова






