Úı Jańalyqtar «2000 мектеп» республикалық акциясы жалғасуда

«2000 мектеп» республикалық акциясы жалғасуда

фото ЖАСҰО

Шымкент қаласында балалар мен жастарды техникалық мамандықтарға баулуға бағытталған «2000 мектеп» республикалық акциясы нәтижелі жалғасып келеді. Аталған бастама шаһарда биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр.

Жоба аясында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның Шымкент қалалық филиалы мектеп оқушылары мен колледж студенттерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, жол саласындағы мамандықтардың ерекшелігі мен маңызын таныстыруда. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда жол құрылысы мен сапа бақылауы бағытында кадр тапшылығы байқалады.

— Біз жастардың осы салаға қызығушылығын ерте кезеңнен қалыптастыруды көздейміз. «2000 мектеп» акциясы арқылы жол саласында еңбек етуге ниетті студенттерді өндірістік тәжірибеден өтуге шақырамыз, — дейді орталық өкілдері.

Сонымен қатар, акция шеңберінде ай сайын Ашық есік күні ұйымдастырылады. Онда оқушылар сынақ зертханасының жұмысымен танысып, жол материалдарына жүргізілетін зертханалық сынақтардың барысын өз көздерімен көреді. Бұл шара жасөспірімдерге нақты өндірістік ортада мамандықтың қыр-сырын түсінуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, соңғы алты жыл ішінде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы 422 орта және жоғары оқу орнында кәсіби бағдар беру бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, 15 мыңға жуық оқушыны қамтыған. Мамандардың мәліметінше, бұл бастама 2026 жылы да өз жалғасын табады.