Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге жүздеген адам жиналды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Біздің қызметкерлерге айтатыным. Сыртта халық қалып қалмасын. Егер орын қалмаса, осында мемлекеттік қызметкерлер отыр. Орын беріңіздер. Мен халықпен кездесуге келдім. Сіздермен емес».
Жұрт жиналып, жайғасқан соң облыс әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Айтуынша, өткен жылы әкім кездесуінде 17 мәселе көтерілген. Оның 16-сы шешімін тапқан. Ал біреуі биыл шешіледі.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Ол Баянауыл мен Сауран секторындағы сіздер сұраған спорт кешендердің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Одан бөлек 111 көшеге асфальт төселді. Осының барлығы сіздердің қала тұрғыны ретінде белсенді ұстанымдарыңыз бен жергілікті әкімдікпен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асты. Бүгінгі кездесуде де белсенділік танытып, ойларыңызда жүрген мәселелерді бірге талқылап, шешімін табуға атсалысайық».
Облыс әкімінен соң сөз Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына берілді. Ол да өткен жылғы істелген жұмысталға тоқталды. Тұрғындармен сұрақ-жауапқа көшпей тұрып облыс әкімі қала әкімін сұрақтың астына алды. Мысалы, Жаңа қала ықшам ауданында соңғы 3 жылда 67 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Қалада халық саны артқан. Тұрғын үй өзекті мәселеге айналған. Бұл проблеманы шешу үшін қандай амал жасалып жатыр?
Облыс әкімі алдағы жылдарға жоспар құруды тапсырды. Одан бөлек, қалада жер кезегінде тұрған адамдардың жайын қозғады. Қала әкімінің мәліметінше қалада 95 мыңнан аса адам тегін жер алу кезегінде тұр. Олардың басы 25 жылдан бері кезегін күтіп жүр. 2005 жылдан бастап оларда жер беру тоқтатылған.
Дегенмен, облыс әкімдігінің арнайы жоба әзірлеген. Оған сай 1600-ден аса кезекте тұрған адамға жер берілмек. Одан кейін қала тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер тыңдалып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Әкім кездесуі 2 сағатқа созылды. Онда әрбір тұрғынға өз пікірін еркін айтуға, өтініш-тілектерін жеткізуге мүмкіндік берілді. Тұрғындар әртүрлі мәселе көтерді. Жерді заңдастыру, баспанамен қамту, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, тұрғын үйлердегі кемшіліктер, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол сапасы, білім, туризмді дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы және өзге де мәселелерді қозғады. Сұрақтарға облыс және қала әкімі бірге жауап беріп отырды.
Сұрақ қоюға келген тұрғындардың легі көп болды. Олардың сөзін бөліп, кездесуді тоқтатуға тырысқандар да табылды.
Әйткенмен облыс әкімі тұрғындардың үнін соңына дейін тыңдады. Кездесуден соң да олармен жеке қабылдау өткізді. Сөйтіп түсте басталған кездесу кеш батқанда аяқталды.
Дилара Иса






