Түркістанда руханият пен әдебиет мәселелері кеңінен талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ел руханиятына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуда Түркістанның түркі әлеміндегі тарихи миссиясы, ұлттық әдебиетті дамыту және мәдени мұраны ұлықтау жайы сөз болды. Кездесуде халықаралық әдеби форумдар өткізу, рухани жобаларды қолдау және Түркістанның мәдени-гуманитарлық орталық ретіндегі әлеуетін арттыру мәселелері көтерілді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан руханияты мен әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлермен кездесті. Басқосуда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, этнограф Қасымхан Бегманов және ақын Қалқаман Сарин болды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай жиналғандар ел руханияты, ұлттық әдебиет және Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи миссиясын талқыға салды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын. Түркістан – тек қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының қасиетті мекені. Қасиетті мекенде өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның аты ерекше құрметпен аталды. Бұл – бүкіл Алаш жұрты үшін үлкен мәртебе. Ғасырлар бойы ақындар мен жыраулар жырлаған қасиетті шаһар бүгінде жаңа дәуірдің рухани астанасына айналып отыр. Сондықтан Түркістанды дәріптеу – тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды ұлықтау»
Облыс әкімінің пікірінше, мәдениет пен өнер ұлттың рухани тірегі. Қаламгерлер мен зиялы қауымның қоғамдағы орны ерекше. Олардың шығармашылығы елдің рухани дамуына сеп болады. Жиында әдебиет пен мәдениетті қолдау және рухани іс-шаралардың аясын кеңейту жайы сөз болды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын әдеби форумдар мен рухани кездесулердің маңызлығы айтылды.
Кездесуде қазақ әдебиетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи мұраны дәріптеу үшін бірлескен жобалар талқыланды. Сондай-ақ Түркістанның халықаралық мәдени-гуманитарлық орталық ретіндегі рөлін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Дилара Иса





