Т.Рысқұлов ауданының соты аудандық пробация қызметінің бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы сотталған К.-ға қатысты ұсынысын қарады.
2025 жылғы қазанда сот үкімімен К. тұрғын үйге заңсыз кіріп ұрлық жасағаны үшін (ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы) кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған.
Пробациялық бақылауда тұрған сотталған К.-ға жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін, сондай-ақ сот жүктеген міндеттерді орындамағаны үшін бірнеше рет жазбаша ескертулер берілген. Сонымен қатар, ол алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сотталған К. сот отырысына масаң күйде келіп, алкогольді ішімдіктерді тоқтатуға және алкогольге тәуелділіктен емделуге ниеті жоқ екенін түсіндірді.
Прокурор пробация бөлімінің ұсынысын қанағаттандыруды сұрады. Сот қаулысымен аудандық пробация қызметі бөлімінің сотталған К.-ға қатысты бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы ұсынысы қанағаттандырылды. Сотталған сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енді.







