Сот медицина қызметкеріне құрметтемеушілік танытқаны үшін 10 тәулікке қамаққа алуды тағайындады. Қордай аудандық соты медициналық қызметкерлерге құрметтемеушілік таныту фактісі бойынша азамат Ю.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (ӘҚБтК 80-1-бабының 2-бөлігі).
2026 жылдың маусым айында азамат Ю. Сортөбе ауылының ауруханасында дәрігердің қабылдауында болған кезінде медициналық қызметкерге қызметтік міндеттерін атқару барысында құрметтемеушілік танытып, былапыт сөздер айтқан.
Құқық бұзушының кінәсі хаттамамен, жәбірленуші мен куәлердің айғақтарымен расталды.
Сотта Ю. кінәсін мойындамады.
Жәбірленуші (дәрігер) Ю.-ны кешірмейтінін айтып, оған қамаққа алу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
ӘҚБтК 80-1-бабы 2-бөлігінің санкциясы жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды не 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сот құқық бұзушылықтың бірінші рет жасалғанын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот қаулысымен Ю. ӘҚБтК 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.







