Шымкентте арнайы рұқсатсыз құрылысы бітпеген пәтерлерді жарнамалаған 48 құрылыс компаниясына әкімшілік шара қолданылды. Бұл туралы қала прокуратурасы мәлімдеді. Ресми мәліметке қарағанда, прокуратура тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу ісінде заңның сақталуын тұрақты қадағалайды. Тұрғындарға үй құрылысына жеке және заңды тұлғалардың қаражатын тартуға уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның тиісті рұқсаты болған жағдайда ғана жол берілетіні түсіндірілді.
Осыған байланысты прокуратура азаматтарға жаңа құрылыс жобаларына қаражат салмас бұрын құрылыс компаниясында үлескерлердің қаражатын тартуға арналған тиісті рұқсаттың бар-жоғын тексеру керектігін хабарлайды. Мұндай құқыққа ие компаниялар туралы ақпарат «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының және қала әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
«Прокурорлық қадағалау актілері бойынша соңғы 2 жылда үлескерлердің қаражатын тарту жөнінде тиісті рұқсатсыз жарнама жүргізген 48 құрылыс компаниясы әкімшілік жауаптылыққа тартылды»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ
Бұл үшін жалпы 48 құрылыс компаниясына 28,6 миллион теңге айыппұл салынған. Прокуратура тұрғындарға заңда көзделген рұқсат құжаттары жоқ құрылыс нысандарына қаражат салу оның аяқталмай қалу және салынған қаражаттың жоғалу қаупін арттыратынын ескертеді. Айта кетейік, үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз тартқаны үшін заң бойынша әкімшілік және қылмыстық жауап қарастырылған.
Дилара Иса






