Úı ANONS Шетел тәжірибесі Шымкентте: Онкологиялық оталар жаңа тәсілмен жасалуда

Шетел тәжірибесі Шымкентте: Онкологиялық оталар жаңа тәсілмен жасалуда

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар енді операциядан кейін тезірек аяққа тұрып, емін уақыт жоғалтпай жалғастыра алады. Осы мақсатта Шымкент қалалық онкологиялық орталығында заманауи лапароскопиялық операциялар бойынша екі күндік халықаралық шеберлік сабағы өтуде.

 

Шымкент қалалық онкологиялық орталығына Мәскеуден келген хирург Александр Рогашев жергілікті дәрігерлермен бірге күрделі операциялар жасауда. Ол дәрігерлерге үлкен тіліксіз, бірнеше жерден тесу арқылы жасалатын лапароскопиялық ота әдісін үйретіп жатыр.

 

Александр ЖАУГАШЕВ, Мәскеу қаласындағы «Фомина» клиникалар желісінің бас хирургі: «Екі күн ішінде асқазан, қуық, жатыр мойны, ішек және ұйқыбезіне күрделі операциялар жасалуда. Мұндай әдістің артықшылығы – науқас тезірек қалпына келеді, ауырсыну аз болады және емнің келесі кезеңіне, соның ішінде химиотерапияға, ертерек кірісе алады».

 

Операциялар заманауи жабдықталған операциялық бөлмелерде өтуде. Шеберлік сабағы онлайн көрсетіліп, оны еліміздің әр өңіріндегі хирургтер тікелей эфирден көріп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды.

 

Аққали МАЙМАҚОВ, Шымкент қалалық онколониялық орталықтың онко хирург дәрігері: “Бұрын мұндай жоғары технологиялық оталар шетелде ғана жасалса, бүгінде олар біздің орталықта да қолжетімді. Лапароскопиялық әдістің басты артықшылығы – науқастың тез қалпына келуі. Көп жағдайда пациент операциядан кейінгі екінші күні-ақ орнынан тұрып, еркін жүре алады, су ішіп, тамақтануға мүмкіндік алады”.

 

Шеберлік сабағы аясында барлық операциялар аз инвазивті, яғни лапароскопиялық әдіспен орындалуда. Бұл тәсіл науқастың тезірек сауығып, қалыпты өміріне қысқа мерзімде оралуына мүмкіндік береді әрі операциядан кейінгі асқынулар қаупін төмендетеді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай шеберлік сабақтары хирургиямен ғана шектелмей, онкологияның өзге де бағыттары бойынша ұйымдастырылатын болады.

 

Данияр Мамаджарұлы,  Шымкент қалалық онколониялық орталықтың емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары: «Алдағы уақытта мұндай шеберлік сабақтары хирургиямен ғана шектелмей, химиотерапия, гематология және онкологияның басқа да бағыттары бойынша ұйымдастырылатын болады. Операциялардың барлығы тәжірибелі мамандардың бақылауымен өтуде. Қазіргі уақытқа дейін операциядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ”.

 

Айта кетейік, халықаралық шеберлік сабағы аясында шетелдік дәрігерлер жалпы 6 науқасқа күрделі ота жасап шықты. Ал Шымкент қалалық онкологиялық орталығы мамандарының айтуынша, онкологиялық операциялардың шамамен 80–90 пайызын лапароскопиялық әдіспен орындауға мүмкіндік бар. Мұндай аз инвазивті операциялардан кейін науқастар қысқа уақыт ішінде аяққа тұрып, химиотерапия сияқты кешенді емнің келесі кезеңін уақыт оздырмай бастай алады.

Лаура Нақыпқызы