Úı ANONS Тазалық — ортақ жауапкершілік

Тазалық — ортақ жауапкершілік

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында жастармен танымдық кездесу өтті. Басқосуға қала тазалығына жауапты мамандар қатысып, тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша пайдалы кеңестерімен бөлісті. Кездесу барысында жастардың қала тазалығын сақтаудағы рөлі мен белсенділігінің маңызы ерекше айтылды.

 

Абай саябағында өткен кездесуде экологиялық мәдениетті қалыптастыру жайы кеңінен сөз болды. Белсенділердің сөзінше, қоғамдық орындарды таза ұстау – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің көрінісі. Жастар волонтерлік жұмыстарға қатысу арқылы қала тазалығын сақтауға өз үлестерін қосып келетіндерін жеткізді.

 

АЛТЫНБЕК ШӘРІПБАЙ, ЕРІКТІ: «Волонтерлық ұйымға қатысқаныма көп болған жоқ. Жарты жылдан аспады. Алайда соның өзінде біз көптеген қоқыс тердік. Қалдықтарды тердік. Әртүрлі жерге бардық. Қоқыстарды тастап кеткен, қаптап тастап кеткен. Бір адам тастаған соң, басқалары да тастауға болады деп тастай береді. Енді ол дұрыс емес деп ойлаймын. Соны біз барып, бәрін жинап жүреміз»

 

Ұйымдастырушылар жастар арасында экологиялық мәдениетті дәріптеу сөзбен ғана емес, нақты іспен жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті. Осыған орай кездесу соңында қатысушылар саябақ аумағында сенбілік өткізіп, тазалық жұмыстарын атқарды.

 

ҚУАНЫШ СЕРІКБАЙ, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ М.У.А: «Негізінде біздің Шымкент — таза қала. Бұл жердегі ең басты түсінік жастарға осы таза қаламызды ластамауға шақыру. Егер де ластанып жатса, жай ол мусорды алып тастамай, оның жерде жатқандығы дұрыс емес екендігін айтып түсіндіру. Тренерлеріміз өздеріңіздің қаланы тазалаған фото, видеоларыңызды, таза қазақстан іс-шараларына қатысқандарыңызды әлеуметтік желіге жариялаңыздар деп жатыр. Ол не үшін? Ол бұндай іс шараға қатыса алмаған тұрғындар соны көріп , дұрыс идеология қалыптасу үшін»

 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Ұйымдастырушылар жастардың бастамалары мен волонтерлік жобаларға белсенді қатысуы қаланың тазалығын сақтауға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Лаура Бабас