Úı ANONS Суррогат ана болғысы келетіндерге жаңа талап қойылды

Суррогат ана болғысы келетіндерге жаңа талап қойылды

Қазақстанда суррогат ана қызметіне қатысты заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Енді суррогат ана қызметін тек ресми некеде тұрған Қазақстан азаматтары ғана пайдалана алады. Ал шетел азаматтары мен заңды некеде тұрмаған адамдар үшін бұл мүмкіндік заңмен шектелді. Жаңа талап қандай мақсатта қабылданды? Суррогат ана қызметін алушыларға қандай жаңа міндеттемелер жүктелді? Бұл қызметтің қазіргі құны қанша?

 

Қазақстанда суррогат ана болғысы келетіндерге жаңа талап жазылып, заңмен бекітілді.  «Неке және отбасы туралы» кодекс жаңа тармақ енгізілді. Бұл заңға президент Қасым Жомарт-Тоқаев қол қойды. Сөйтіп, шетел азаматтарына немесе заңды некеде тұрмаған адамдарға суррогат ана қызметін пайдалануға заң жүзінде тыйым салынды. Бұл туралы шымкенттіктер не дейді?

 

«Дұрыс. Заңды өзгертсін. Бала деген малдан бетер болды ғой, сатылып кетіп жатыр. Ол ақшасын алады, құтылады. Дұрыс па, дұрыс емес пе? Айтыңызшы өзіңіз».

«Бала Құдайдың сыйы ғой. Болса туа берсін. Мен өте еркін адаммын. Тірі, аман болса болды ғой».

 

«Қазақстанға да болмайды суррогат ана деген. Ол дұрыс емес қой. Әркімнің өз баласы, тағдыры болуы керек. Суррогат деген біреуге туып бере салу ғой. Балаңды бере салу деген өте жаман нәрсе ғой жалпы»

«Жалпы адамзаттың өз еркі өзінде деп жатырмыз ғой. Бірақ ген қай жақтан деп сұрап тұрмын да. Егер қазақтың гені болса мен қарсымын. Ал өздерінен болса өзі шешетін шығар».

Енді жаңа заң талабына сай суррогат ана қызметіне тек ресми некеде тұрған Қазақстан азаматтары жүгіне алады. Ал ерлі-зайыптыларға қандай талаптар  қойлады?  Оларға суррогат ана болу шартын жасасу кезінде  қандай міндеттемелер жүктеледі?

 

—           суррогат ананың медициналық тексеруден өту ақысын төлеуге;

—           қосалқы репродуктивтік технологияларды қолдануға байланысты шығындарды өтеуге;

—           медициналық ұйымға өздерінің денсаулық жағдайы (физикалық және психикалық) туралы қорытындыны, сондай-ақ медико-генетикалық зерттеу нәтижелерін ұсынуға;

—           суррогат ананың жүктілік, босану кезеңіндегі және босанғаннан кейінгі 56 күн ішіндегі, ал асқынулар болған жағдайда – босанғаннан кейінгі 70 күн ішіндегі медициналық қызмет көрсету шығындарын төлеуге.

 

Жалпы Қазақстанда суррогат ана қызметінің құны әртүрлі. Бейресми ақпарат бойынша, 10 миллион теңгеден 16 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұған ананың сыйақысы, оған көрсетілетін медициналық қызметтер және жүктілік кезіндегі шығындар кіреді. Мысалы, тәжірибелі аналардың  негізгі ақысы 10 миллион теңгеге дейін барады. Ал тәжірибесі жоқ болса 5 миллион теңгеден басталады.

Ай сайынғы жалақы төленеді. Бұл ақша жүктілік кезінде тамақтану мен дәрумендерге жұмсалады. Бұдан бөлек ЭКО процедурасы, агенттік қызметі және босанғаннан кейін денсаулықты қалпына келтіруге қосымша қаражат беріледі.

Дилара Иса