Түркістан облысы дотациядан шығуы тиіс. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров инвестициялық штаб отырысында осындай міндет қойды. Аймақтың өз кірісін арттырып, өзін-өзі қамтамасыз ететін өңірге айналуы үшін қандай жұмыстар атқарылмақ? Инвестициялық жобалардың орындалу барысы неге сынға ұшырады? Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне қандай нақты тапсырмалар жүктелді? Осы және өзге де маңызды мәселелер штаб отырысының ортақ тақырыбына айналды.
Түркістан облысы дотациядан шығуы керек. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен инвестициялық штаб отырысында өңір басшысы Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Жиында облыста жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы талқыланды. Сондай-ақ биыл іске асырылатын жаңа жобалар мен шетелдік инвестиция тарту мәселелері қаралды.
Дотация – мемлекет тарапынан қайтарымсыз негізде берілетін қаржылық көмек. Бұл – өңірдің өз кірісі шығынын толық жабуға жеткіліксіз деген сөз. Қазіргі таңда Түркістан облысы да дотациялық аймақтардың қатарында. Облыс әкімінің айтуынша, өңірді өзін-өзі қамтамасыз ететін аймаққа айналдыруға толық мүмкіндік бар. Ол үшін жүйелі жұмыс пен жауапкершілік қажет. Жиында аймақ басшысы инвестициялық жобаларды кешіктірген аудан және қала әкімдерін сынға алып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ инвесторлармен тұрақты кері байланыс орнатып, жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейтудің маңызын атап өтті. Бұдан бөлек, өңірде өндірістік парктерді дамыту және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған жобаларды қолдау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Дилара Иса






