Úı ANONS Шымкентте «Брусья Fest» фестивалі өтті

Шымкентте «Брусья Fest» фестивалі өтті

Турник, сырықтар және ешқандай сақтандыру құралы жоқ — тек күш, қайсарлық пен жылдар бойғы жаттығу. Бүгін Шымкентте спорттық құрылғылар нағыз шоу алаңына айналған «Брусья Fest» фестивалі өтіп жатыр. «Брусья Fest» воркауттың жай ғана көше спорты емес, рухы мықты адамдардың басын біріктіретін қозғалыс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Фестиваль көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар күрделі элементтерді орындады, ал әрбір әсерлі трюктің артында табанды еңбек, тәртіп пен үздік болуға деген ұмтылыс тұр.

 

ИБРАГИМ ШАРАФУТДИНОВ, ҚАТЫСУШЫ: «Мен жыл сайын қатысып, жүлделі орындарға ие боламын. Спорт алаңдарынан жастардың жаттығып жатқанын жиі көремін. Өзім де жаттықтырушымын, балаларға осыны сіңірудемін».

 

Воркаут — бүгінде Шымкентте қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Ол дене күшін ғана емес, төзімділікті, үйлесімділікті, тәртіп пен мінезді шыңдайды. Бұл бағыттың басты артықшылығы — қолжетімділік: тек турник, брусья мен мықты болуға деген ықылас болса жеткілікті.

 

ДМИТРИЙ УГРЮМОВ, ҚАТЫСУШЫ: «Бұл — өте жақсы спорт түрі, мен айналысқан спорттардың ішіндегі ең үздігі. Бүгін 60 рет қайталадым, одан да жақсырақ нәтиже көрсете алар едім, бірақ бұл да жаман емес деп ойлаймын. Воркаутпен, калистеникамен айналысу өте пайдалы. Өйткені сіз дене бітіміңізді жақсартып қана қоймай, өз денеңізді меңгеруді үйренесіз. Мұнда тек келіп, бірнеше рет отырып-тұру емес, өзгелердің қолынан келе бермейтін дүниелерді жасауға болады».

 

Шымкентте воркаут 15 жылдан астам уақыттан бері дамып, қаланы түрлі жарыстарда лайықты танытып жүрген мықты спортшыларды тәрбиелеп келеді. Қалада воркаут бойынша мамандандырылған секция жұмыс істейді, онда кез келген адам жаттығуды бастап, базалық элементтерді меңгере алады.

 

ДМИТРИЙ ПОДЕБИДА, ІС-ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: «Салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттау — бұл үлкен жұмыс. Бұл өз салмағыңмен, турник пен брусьяда жаттығу. Қазір қалада воркаутпен айналысатын, дайындығы жоғары шамамен 500 адам бар».

 

Воркаут — бұл спорт қана емес, күн сайын шыңдала түсуге даяр жандарды біріктіретін өмір салты.

Ботакөз Әнуар