Úı ANONS Түркістанда қайтарымсыз грант иегерлері іріктелді

Түркістанда қайтарымсыз грант иегерлері іріктелді

Түркістанда мемлекеттік қайтарымсыз грантқа үміткерлердің жобаларын іріктеу өтті. Биыл кәсіп бастауға ниетті азаматтарды қолдау үшін ережелер біршама өзгеріп, талаптар күшейтілген. Алғашқы кезеңге жүзден астам өтінім келіп түсіпті. Олардың арасында өндірісті өркендеткісі келетін жас кәсіпкерлер де бар.

 

Түркістанда жаңа бизнес-идеяларды қолдауға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың бірінші кезеңі өтті. Биыл кәсібін дөңгелетуді ниет еткендерден 130-ға жуық өтініш түскен. Олардың арасында ағаштан ойыншық жасау, кондитерлік өнімдер шығару және тігін ісі сияқты түрлі бағытты қамтыған жас кәсіпкерлер бар. Мәселен, қала тұрғыны Ғалымжан Айтбаев бұл мүмкіндікті өз фотостудиясын заманауи техникамен жабдықтау үшін пайдаланбақ.

 

ҒАЛЫМЖАН АЙТБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Грантқа қатысу себебім — осы Түркістан қаласында фотостудиям бар, соны жандандыру мақсатында өзіме қажетті аппараттар алуға кіріп шықтым. «Комфорт» фотостудиясы, яғни ол фотостудияда жаңағы винетка жасалынады. Бітіруші түлектерге арналған винетка және үйлену тойларының альбомдары жасалынады»

 

Байқау ережесі бойынша үміткерлердің мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспауы тиіс. Сондай-ақ жұмыссыз азаматтар да бақ сынай алады. Басты талаптың бірі — соңғы 3 жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алғанын растайтын сертификаттың болуы. Бұдан бөлек, үміткерлер халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатуы шарт. Атап айтқанда,

мүгедектігі бар адамдар;

қандастар;

өңіраралық қоныс аударушылар;

атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алушылар және олардың жұбайлары;

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар және олардың жұбайлары;

асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар.

 

Биыл Түркістан қаласы бойынша барлығы 151 грант қарастырылған. Қазір арнайы комиссия мүшелері үміткерлердің жобаларын іріктеп, қорғау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалалық Мансап орталығының директоры ерекше идеясы бар жастарды қолдап жатқандарын жеткізді.

 

ЖАНГЕЛДІ ӘБІЛӘЗІМ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «БІЗДЕ мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант бар. Былтыр 129 адамға мемелкеттік қайтарымсыз грант берілсе, биыл 151 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Оны 2 лек бойынша береміз. Қазіргі таңда комиссия отырысы болып жатыр. Ол жерде 30 адам өз бизнес жоспарын қорғайтын болады.  Бизнес жоспарды 76 адам қорғап шығатын болады»

 

Бөлінген 151 гранттың 76-сы қазіргі бірінші кезеңде берілсе, қалған 75-і екінші лекке тиесілі. Айта кетерлігі, биыл талап күшейтілген: қаржы тек қолма-қол ақшасыз тәртіппен жұмсалады және оның мақсатты пайдаланылуы 3 айдан кейін тексеріледі. Оған қоса, грант иегерлері 24 ай бойы тоқсан сайын есеп беріп, 18 ай ішінде Мансап орталығының жолдамасымен кемінде бір жұмыссыз азаматты тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс. Бұл қадам қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрғындардың табысын арттыруға септігін тигізбек.

Әсел Мәлік