Úı ANONS Шымкент медицинасы хакерлерге қарсы цифрлық қорғанысқа көшті

Шымкент медицинасы хакерлерге қарсы цифрлық қорғанысқа көшті

фото ШӨКҚ

Хакерлік шабуылдардан қорғану, науқастардың жеке деректерін сақтау және медициналық қызметті жаңа деңгейге көтеру. Шымкентте денсаулық сақтау саласы қарқынды цифрландырылып жатыр. Енді медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелері күшейтілген қорғаныспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жедел жәрдемнен бастап инсультті ерте анықтауға дейінгі бірнеше инновациялық жоба іске қосылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Бүгінде медицина саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – ақпараттық қауіпсіздік. Сондықтан Шымкенттегі медициналық ұйымдарда Firewall жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл жүйе желідегі барлық күмәнді әрекеттерді бақылап, рұқсатсыз кіру әрекеттерін автоматты түрде бұғаттайды. Пилоттық жоба алғаш рет №7 қалалық емханада жүзеге асырылып, өз тиімділігін дәлелдеді.

ҚАЙРАТ ҚАЛИБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Firewall – мекемедегі желілік трафикті бақылап, рұқсатсыз және қауіпті әрекеттерді бұғаттайтын қауіпсіздік жүйесі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №832 қаулысына сәйкес 2026 жылдың наурыз айында №7 қалалық емханасында 70 компьютерге қосылып, пилоттық жобадан өтті. Тестілеу кезінде 4 компьютерде хакерлер тарапынан басқару серверлерімен байланыс орнатып, қызметтік деректерді пайдалануға бағытталған 101 әрекет бұғатталды. Жобаны басқа емханаларда енгізу жоспарлануда»

Цифрландыру мұнымен шектелмейді. Жедел жәрдем қызметкерлері бүгінде 240 смарт-бейнежетонмен жұмыс істейді. Ал 103 Yandex жобасы арқылы тұрғындар жедел жәрдем көлігінің қозғалысын онлайн бақылай алады. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі жүйелер инсультті ерте анықтап, дәрігерлердің диагноз қоюы мен емдеу тактикасын таңдауға көмектесуде.

ҚАЙРАТ ҚАЛИБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «CEREBRA AI – компьютерлік томография арқылы инсультті ерте анықтайтын жасанды интеллект жүйесі. Пилоттық режимде №2 қалалық ауруханада өткізіліп, қазіргі таңда №1 клиникалық ауруханасы мен №2 қалалық ауруханада енгізілді. Қазіргі таңда жүйе арқылы 2839 қызмет өңделді. PACS жүйесі ишемиялық инсульт кезінде мидың зақымдалған бөлігін ерте анықтап, ота жасауға уақытылы шешім қабылдауға көмектеседі. Шымкент қаласында 21 медициналық ұйымға енгізілді. PULS AI дәрігерлерге нақты диагноз қоюға және тиімді ем тағайындауға көмектесетін интеллектуалды ассистент. Бұл жүйе клиникалық шешім қабылдауда қателіктерді азайтып, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған»

Цифрлық технологиялармен қатар медициналық қызмет сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде ұлттық аккредиттеуден өтуі тиіс 91 медициналық ұйымның 63-і аккредиттеліп, көрсеткіш 67 пайызға жетті. Мамандардың айтуынша, заманауи технологиялар мен жоғары сапа стандарттарын енгізу тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік  береді.

Лаура Нақыпқызы