Арыстықтар аулада қалған малдарына алаңдаулы

204

Арыстағы қараусыз қалған малдардың жай-күйі не болмақ? Қала жұртшылығы қауіпсіз жерге көшіріліп, есін жия бастағаннан кейін осы сұрақты қоя бастады. Үй ауласындағы төрт-түлік жем-шөпсіз, сусыз отыр. Қала берді, өлі-тірісін де білмейміз дейді тұрғындар.

Арыстықтардың тең жартысы мал шаруашылығымен айналысады. Соның бірі – Болатбек Молдабеков. Ауыл тұрғыны үйіндегі қора толған малдың қараусыз қалғанын айтып, олардың кейінгі жай-күйіне алаңдайды.

Болатбек Молдабеков, Арыс қаласының тұрғыны: «Үйімізді, малымызда уайымдап жатырмыз. Байлаулы ит бар. 22 жылқым бар еді. Ол жылқыларым жайылып жүр еді. Қорада емес. Снярадттар түсті. Жер өртенді. Ол малдың не бар, не жоғын білмейміз».

Есеп бойынша Арыста қазір 4 100 ірі қара мал, 40 мыңға жуық уақ мал, 700-ге жуық жылқы бар. Тиісті мамандар жарылыс кезінде ірі-қараның көбі жайлауда жүрген дейді. Бүгінде өлген малдарға ветеринарлық қызмет дезинфекция жасамақ.

Арыстық ветеринар «Әрқайсыңыздың аулаларыңызға бекітілген ветеринар мамандар бар. Соларға хабарласып, малдардың жағдайын білуге болады. Шығын бойынша комиссия құрылып, құжаттары бар болған жағдайда барлық өтемақылар төленетін болады», – дейді.

Қазір Арыстағы ахуал әскерилер мен полицияның бақылауында. Қалаға адамдардың көлікпен кіріп шығуына қатаң тиым салынған. Ал тұрғындардың мал мүлкіне келген шығын тұрғындар қалаға қайта оралғанда есепке алына бастайды.

Айя Мүтәлі