немесе Шабланның Мараты
Ұлан-байтақ Қазақстанда Мақтарал атты аудан барын білмейтіндер жоқ шығар-ау. Бірлі-жарым ондайлар табылар. Айталық, «желмен келіп, желмен кететіндер». Ал былайғы қалың көпшілік «Мақтарал» десе елең етеді. Әсіресе, соңғы бес-он жылда ауданның болашағын ойлап, «басын тау-тасқа ұрып жүргендер» ішкен асын жерге қояры анық. Солардың бірі — Марат Ділдәбеков. Ол — Оңтүстікте танымал тұлға. Аудандық мәслихаттың депутаты. Жұрт оны «Шабланның Мараты» дейді. Кезінде әкесі Ш.Ділдәбеков республикаға танымал атақты директор болған. Кеудесіне алтын жұлдыз таққан жан еді. Елге жасаған еңбегі қыруар.
Міне, сол Марат жоқ жерден өзіне жұмыс тауып, мойнына міндет артып жүреді. Табиғаты солай. Бәлкім, әкеден қалған қасиеттердің бірі шығар. Әйтпесе Мақтарал ауданын бөлу туралы мәселені көтермес де болар-ды. Ештеңе жоғалтпасы, қайта ұйқысы тыныш қалпынан айнымасы анық еді. Бұнсыз да «Проблема көтергіштер» бар ғой. Оларға әдетте жеңілдеу. Реті келген бір жиналыста, кезегі тиген бір сөз арасына «басшылар ескерсе екен» дегенді қыстырып жібереді де, жайбарақат жүре береді. Ұпай түсетін жерде «бұл мәселені мен көтерген» едімді ұмытпайды.
Ділдәбеков мәселені басқаша қояды. Айтумен ғана шектелмей, ой-пікірлерін дәлелдеп-дәйектеп, шешу жолдарын да ұсына біледі. Бұл әсте оңай шаруа емес. Қаншама мамандармен пікірлесіп, қаншама қағаз толтыру керек. Оны Елбасы саясатына қарсы адам кейпінде көрсетуге тырысатындар кездеседі. «Көздеген бір пайдасы бар шығар» деп, күңкілдейтіндер де табылар. Сондайда қолды бір сілтегісі келеді. Бірақ кешегі миллионер шаруашылық-ауылдардың бүгінгі жүдеу-жадау күйін көргенде қайта тастүйін қалыпқа түседі. Әсіресе, әкесі әр қадамын қадағалап тұрғандай… Шегінсе, ренжитіндей…
Марат-Мәкеңнің күнделікті өз шаруасы да аз емес. Бала-шаға бар. Ағайын-туыс дегендей. Оларды шетке ысыра алмайды. Қарбаласып жүріп қоғамдық жұмыстарға басымен сүңгіп кеткенін аңғармайды. Ол осыдан 14 жыл бұрын біріктірілген Асықата, Жетісай, Мақтарал аудандарын қайта бөлу мәселесімен ғана шұғылданып жүрген жоқ. Жалпы оның облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі басшылармен жазысқан хаттарын, пікірталас жазбаларын бір жерге жинақтаса, үлкен бір кітап болар еді. Оларда көтерілген мәселелер көп-ақ. Ол — ағын су жайы, ол істен шыққан бұрынғы су жүйелерін қалпына келтіру мәселесі, жол және көлік проблемалары, мақта шаруашылығын дамытуға қатысты тұжырымдар… Тек үш ауданды қалпына келтіру бойынша қанша жиын-жиналыста сөз сұрады, қанша хат жазды, үндеу жариялады, қаншама аудандық, облыстық мәслихат депутаттарының пікірлерін жинады… Қаншама материалдар жазып, баспасөзде жариялады десеңізші! Міне, мына бір хат осы жақында ғана ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Ә.Рабаевтан келіпті. Өйткені М.Ділдәбеков Сырдариядан тікелей су тарту жүйелерін салу барысында су шаруашылығы мекемесінің екі ауылдық округке қарасты жолдардың біраз жерін бүлдіргенін, енді оны қалпына келтіруге тиіс екенін көтерген болатын. Бір сүйсінерлігі, кейбір лауазымды басшылар Мәкең көтерген мәселелер бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндай келе, «осы істің оң шешілуіне ықпал етуін» де сұрап жатады. Оның жергілікті жердегі беделін пайдалануды да ұмытпайды.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы кезде көп кедергі, қиыншылықтарға тап болды, — дейді Марат Шабланұлы, — сондықтан аудан халқы 1997 жылы Мақтаралдың іріленуін түсіністікпен қабылдады. Көрші республикаға тұтасымен өтіп кетіп, қайта ел құрамына кірген аймақ тұрғындарын бұл шешім шошыта қоймады.
Соңғы жылдары аудан халқы жылдам өсті. Біріншіден, бізде қашаннан демографиялық көрсеткіш жоғары; екіншіден, Өзбекстаннан қоныс аударушылар саны күрт артты. Сөйтіп аз жылда мақтаралдықтар 300 мыңнан асып шыға келді. Республикада дәл бұндай үлкен, халқы тығыз орналасқан аудан жоқ. 200-ден аса ауыл, 120-дан аса мектеп бар. Шаруашылығы сан-салалы.
Бір орталықтан басқару қиын. Бәрінен бұрын өте күрделі суландыру жүйесі істен шықты. Оны қалпына келтіру де қиын. Бұрынғы аудан орталықтары болған екі ірі елді мекен де ажарынан айрылды. Өзбекстанның ішкері жағындағы ауданның жалғыз емес, білдей-білдей үшеу болғаны да қай жағынан алғанда да тиімді емес пе.
Бір оталса Мәкеңнің тоқтауы да қиын.
Талай мәселе көтерді. Көбісі шешілді. Олардың ең негізгісі, әлбетте, Мақтаралды үшке бөлу жайы. Бұны «Шабланның Мараты» жергілікті азаматтардың, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен дәлелдеп шықты да. Жуырда облыстық мәслихатта өз жұмысы туралы есеп берген облыс әкімі А.Мырзахметовтың бұл мәселенің зерттелгені, сөйтіп ҚР Үкіметіне ұсыныс берілгені жайында айтты. Осы сөздің айтылуына дейін қанша су ақты десеңізші.
Ділдәбековтың жеке қорында көптеген хаттар сақтаулы. Директорлар, басқарма бастықтары, министрдің орынбасары, комитет төрағалары, әкімдер… Мақтарал ауданының құрметті азаматы М.Ділдәбековке жауап жазып, ол көтерген мәселенің қарағаны жөнінде хабар береді. Үміттендіреді. Арасында түлкібұлаңға салатындары да жоқ емес. Ондайда Мәкең тағы да хат, өтініш, үндеу, ашық хат немесе мақала жазуға отырады. Ол алыс ауылда отырып Шымкент пен Астанадағы жоғары лауазымды шенеуніктермен пікір таластырады. Қалың көпшілікті арқаланып, тең сөйлеседі. Мәселені қабырғасынан қояды. Мысалы, оның ҚР премьер-министрі К.Мәсімовке жазған хатынан мәселені жетік білетіні, қапысыз зерттегені және осынау істе өзінің жеке мүддесі мүлде жоқ екені көрініп тұр.
«Сіздің Мақтаралға көңіл бөлгеніңізге ризашылығымызды айта отырып, мәселенің бұлай шешілуіне қарсылығымызды білдіреміз» — деп жазады ол. Себебі сол кездегі облыс әкімі Н.Әшімов ауданды басқаруды жетілдіру үшін Асықата, Мырзакент өңірлерінің әрбіріне қосымша 5 бірлік штат беруді сұрап, соған үкімет басшысын көндіріп те қойған екен. Ділдәбеков бұндай шартыкеш шешіммен келісе алмай, Мәсімовпен пікір жарыстырады.
«Біріншіден, — деп жазады ол, — ҚР Президенті 2006 жылы 28-тамыздағы №167 жарлығымен бекітілген аумақтарды дамыту стратегиясында көршілес мемлекеттердің экономикалық басымдылығын, демографиялық қыспақтың күшеюін және заңсыз көші-қонды болдырмау үшін бұрын таратылған жекелеген аудандарды қайта қалпына келтіру көзделген «. Осылай негізгі ірі бес мәселені алға тартады. «Аумақтың дамуына оң әсері, дұрыс ықпалы және тұрғындарға тиімділігі болмаған соң, мәселенің бұлай шешілуі бюджет қаржысын босқа шашу болып табылады. Сондықтан сізден Асықата, Жетісай, Мақтарал аудандарын қайта қалпына келтіру мәселесін түпкілікті шешу бойынша жұмысты жалғастыруды сұраймыз».
Біздің кейіпкеріміз табандылықпен көтеріп келе жатқан мәселелердің бірі — Мақтаралдағы суландыру жүйесінің жайы. Бұл туралы ол облыс әкімі А.Мырзахметовке хат жазды, қабылдауында болды. Әкімнің бұл тұрғыдағы ойлары дұрыс екені оны қанаттандыра түсті. Біраз жұмыстар жасалып жатқаны үміттендірді. Бірақ үлкен іске ортадан килігетіндер де жоқ емес екен. Ділдәбеков соны да еске салады. Ауданда соңғы кездері жүргізіліп жатқан игі істерге балаша қуанады. «Негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген ауданды басқару тізгінін қолға алған С.Тұрбеков мақтадан басқа дақылдарды да өсіру мәселесін қолға алды. Тамшылатып суғару, жылыжай, мал бордақылау, құс өсіру, отбасылық бизнеске көңіл бөлуде. Бұған қуаныштымыз әрі аудан басшысын қолдап, қуаттаймыз!»
Иә, айтпақшы, Мақтаралдың патриот ұлы бала мінезді. Балаша қуана біледі. Баладай таза. Бірақ көпшілік мүддесіне келгенде басқаша. Қатты сынап, қатал талап қоя біледі. Біреулер, бәлкім, оны осынысы үшін жақтыра бермейтін шығар. Ал көпшілік дәл осы мінездері үшін құрметтесе керек.
Захардин Қыстаубаев