Жаңалықтар 

Насыбай: немесе күл-қоқыстан бір асап алып, былш-былш түкіріп жүре береміз бе?

Насыбай деген не? Қайдан шыққан нәрсе? Қазақ даласына қалай келген? Бұл өз алдына ұзақ әңгіме. Біз бүгін осы бір темекімен аталас, бірақ, біздіңше, одан әлдеқайда зиянды әрі лас нәрсенің көпшілік арасына кең тарап бара жатқанын тағы бір еске салғымыз келеді.

 Джонды күтіп жүргендей жайымыз бар

 Насыбай, өкінішке орай, қазаққа тән дерт болып тұр. Онымен шындап күресіп жатқан да ешкім жоқ. Дәрігерлер қауымы дүниеде сондай жаман әдет – надандық бар екенін білмейтін де сияқты. Газетті парақтасаң да, радио тыңдап, теледидар қарасаң да “ақ халатты абзалдарымыз” жұмыр жерді жайлаған сан түрлі аурулардың алдын алу жайында айтады да жатады.Тіпті кең тараған бірқатар ауруларға қарсы кәдімгі майдан ашылған. Жыл сайын “тұмау келе жатыр” деген хабар шыққаннан “ақ халатты сарбаздар” атқа қонады! Ішің жылиды іс-әрекеттеріне. Бұл бір тынымсыз жандар тамақтану, санитарлық тазалық, гигиена, түрлі-түрлі дәрумендер жайында да кеңес беруге, көмектесуге әрқашан сақадай сай.

Айтпақшы, темекінің зияндылығы туралы әңгіме бір басылған емес. Оны айтасыз, темекінің қорабында оны шеккен адамның өз денсаулығына өзінің балта шауып отырғаны туралы сүйектен өтердей суық сөз жазылған. Арақ пен темекіні ашық жарнамалауға тыйым, шектеу бар. Ал насыбай ұмыт қалған. Оған қарсы үгіт-насихат та, күрес те байқалмайды. Насыбайдың құрамы және оның адам ағзасына келтірер зияны туралы зерттеп жүрген мамандар туралы да естімеппіз. Америкадан Джон арнайы келіп, зерттеп, саралап, күресудің жолдарын көрсетіп, бәрін шайнап беретін сияқты. Әйтеуір бір самарқаулық, немкеттілік жайлап алған. Жастар арасында насыбай ататындар көбейіп барады.

 

Атының өзінен ат үркеді емес пе!

 Насыбайдың заты түгілі атының өзі қалыпты адамның жирену сезімін тудырады емес пе. “Нас” және “бай” сөздерінен қосарланып тұруының өзі көп нәрсені аңғартады ғой. Енді затына, яғни құрамына қысқаша тоқталып өтейік.

Темекі – күтімді қажет ете бермейтін өсімдік. Өсіру және оның ұзын да жалпақ жапырақтарын теріп алып, кептіріп, шикізат қорын жасақтау ешқандай қиындық тудырмайды. Жалпы Қазақстандағы темекі өсімдігінің отаны – Алматы облысы. Онда Алматы темекі фабрикасын (қазір шетелдіктер қолында, аты да өзгерген, әрине. Бұрын атақты “Қазақстан”, “Медеу” темекілері болған) шикізатпен қамтамасыз ететін шаруашылықтар көп. Олар темекіні жүздеген гектар жерге егеді. Алматы темекісінің бойы жүгеріден де биік болады. Біздегісі керісінше жатаған. Сондықтан сырт көзге түсе де бермейді. Қысқасы, “іздегенге – сұраған”.

Темекінің жайы кім-кімге де түсінікті, әрине. Нағыз сұмдықтар насыбайға жеткенде шығады.

Насыбай жасаудың жолы өте қарапайым. Қарабайыр. Алдымен кептірілген жапырақты шағын темір келіге салып, ұнтақтау керек. Бұл әлі насыбай емес! Күл керек. Ол үшін насыбайшы өзі қалаған ағаштың қабығын сыдырып алып, алдымен кептіреді де, содан соң оны жағып, күлін жинайды. Сөйтіп темекі ұнтағына тиісінше күл қосылады. Насыбай түйір-түйір болып тұруы үшін кәдімгі әк те қажет екен. Ол да насыбайшының қалауымен ыдысқа түседі. Енді шамалы су қосып араластырса да жетер еді. Бірақ ақша табудың жолына түскендер бұнымен шектелмейді деседі. Насыбайдың уытын күшейту үшін оған тауықтың саңғырығын араластырады деген сөз бар.

Тауықтың саңғырығы деген қойдың құмалағы немесе жылқының тезегі емес. Ол улы.

Сонымен темекі (құрамында адам түгілі атты өлтіретін улы никотин бар), күйген жерін күйдіретін әк, күл (қоқыс деп түсініңіз) және улы саңғырық араласқан насыбай дайын. Осындай нәрсені қалай ауызға салуға болатыны, айталық, маған түсініксіз. Бір-бірімізден сұрап алып, сатып алып, ататынымыз мүлде ақылыма сыймайды. Өзіне-өзінің қастығы болмаса, адам баласы бұндай шалыс қадамға бармауы керек-ақ…

“Қайта шапқан жау жаман”

Күні кеше ғана осы насыбайды “ескіліктің қалдығы” деп жүруші едік. Ауылдың бірен-саран шалдары болмаса, оны пайдаланатындар сирек еді. Бұл жаман әдет өзінен-өзі келмеске кететіндей көрінетін. Мән бермейтінбіз.

Сол қалып бара жатқан жаман әдет тоқсаныншы жылдары қайтып оралып, әсіресе жастар арасында кең тарап барады. Соған қарамастан, жекелеген адамдарды есепке алмағанда, жалпы денсаулық сақтау, білім және тәрбие беру, құқық қорғау органдары жеткілікті мән берер емес. Бірқатар көршілеріміздің дабыл қаққандарына біздің тиісті мекемелер бұрылып қарамағандай. Мысалы, Ресей мен Түркіменстан насыбайды тұтынуға, оны сырттан әкелуге, сатуға тыйым салып отыр. Тіпті ереуілдеуден көз ашпаған Қырғызстанның өзінде бұл бағытта қозғалыс бар. Қырғыз дәрігерлері зерттеулер жүргізіп, насыбайдың ішкі секрециялық бездерді қабындырып, ерлерді белсіздікке ұрындыратынын ашына айтып жүр. Біздің мамандар енді-енді ұйқыдан оянған іспетті. Ішкі істер министрлігінің өкілі адам денсаулығына аса зияндылығына байланысты насыбаймен күрес шаралары қолға алынатынын мәлімдепті. Тиісті органдар ырғалып-жырғалып жүргенде бұл дерт студенттер, оқушылар арасында кедергісіз тарап барады. “Насыбайдың таралуына арзандығы да себеп болуда, – деп жазады жас толқын өкілі Айзат Ермекжанова. – Денсаулыққа зиянды, ауыз қуысына, тіске, иекке, қан құрамына, миға, қимыл-қозғалысқа, ойлау қабілетіне кері әсер етеді. Өкпеге су жиналуына жол ашады.” Айзат осылай дейді. Шындығы да сол. Министрлік өкілі “Темекі мен әк асқазан жарасына апарып, қатерлі ісікке ұрындыруы да мүмкін”- дейді. Қалжан есімді азамат насыбайдың құрамында химиялық улы элементтердің көптігін алға тартады. Бәрін білуге, алдын алуға тиіс Денсаулық сақтау министрлігі улыған-шулыған іс-шараларға, халықаралық семинарлар өткізуге әуес. Басқаша айтқанда ой-идеяны мұхиттың арғы жағынан күтеді. Өздері … әлігі ғой.

“Қайта шапқан жау жаман” демекші, біраз жылғы әлсіреуден, шегіністен кейін қайта шабуылға шыққан насыбай күш алып кетті.

 “Ауру қалса да…”

 Бір кезде “нас” деген иісі жұпар ағаш болыпты. Сол насты жұрт иіскейді екен. Насыбай о баста содан шыққан … Міне, осындай аңыз бар. Иә, ол аңыз. Шындық басқаша.

Жаман әдеттен арылу дегенің қиын. Насыбай етекке жабысып жүріп, тұрмысқа сіңісті болып кеткен. Ең жаманы – насыбай атып, жан-жағына былш-былш түкіріп жүргендерге саусақ арасынан қараймыз. “Не істесе – әркімнің өз еркі” дейміз. Ондай надандықтың күйе сияқты жақындағанға, әсіресе жастарға жұға кететініне мән бермейміз. Өркениетті бірсыпыра елдер (мысалы, Голландия) адам денсаулығына зиянды деп тауып, сарымай мен ірімшікті пайдалануға шектеу қойып, оны жұртшылық құп алып, әлгіндей дәмді, таза тағамдарды тартына жеп жүргенде біз…кәдімгі күл-қоқыстан бір асап алып, былш-былш түкіруді жалғастыра бермекпіз бе?!

З.ЖАНСЕЙІТ.

Маман кеңесі:

Ерсін ҚОЙБАҒАРҰЛЫ, психотерапевт, медпсихолог:

 

Ракпен ауылдас боламын демесеңіз… Соңғы кезде дәмі жағымсыз осы бір түйіршіктерді оқушылар мен студенттердің көбірек сұрайтынын байқап жүрмін. Әдетте бір шөкім насыбайды аузына салған адам оны тілдің немесе үстіңгі еріннің астында, яки ұртында ұстайды. Ауыз қуысына түскен дәрі-дәрмек, сол сияқты басқа да еритін заттар қанға тез сіңіп, денеге тез жайылады, миға жылдам әсер етеді. Ауызға түскен насыбай да солай, ол бірер минуттан соң-ақ басты айналдырып, көзді бұлдыратып жібереді.Басқаша айтқанда үнемі ұйқысырап жүретін жалқау денені сілкіп, оятқандай болады. Бұл, әрине, бір сәттік қана әсер.

Насыбай ататындар оның неден және қалай жасалатынына мән бермейді. (Білсе, бәлкім, басқаша болар ма еді?). Сондықтан осы жайында бір-екі ауыз сөз айтқанды жөн көріп отырмыз. Насыбайға әдетте темекі жапырағының ұнтағы, әк, ағаштың күлі, тауықтың саңғырығы қосылады. Кейінгі кезде пайда табуды ғана көздейтін насыбай жасаушылар оған “кәдімгі желімді де қосады” дегенді естіп жүрміз. Бұндағы мақсат насыбайды есірткіге жақындата түсу шығар, сірә.

Енді бір қарағанда пәлендей зиянды әсері жоқ сияқты көрінетін нәрсенің адам ағзасына әсері, ықпалы қандайлық екеніне тоқталайық. Көзі қарақты оқырман темекінің құрамында никотиннен басқа да 29 түрлі улы зат барын біледі. Ал насыбай темекіге қарағанда әлдеқайда улы, зиянды, былғаныш. Ол рак ауруына жол ашады. Насыбай ататындардың ауыз қуысы ойылып, жара-жара болып жүреді. Бұл – әктің әсері. Тауықтың қиы қаншалықты қауіпті екенін айтып жеткізу қиын. Қазақтар тауықты “Құстың шошқасы” деп атайды. Өйткені оның жемейтіні жоқ, тамақ талғамайды, бәрін қылғыта береді. Сондықтан тауық ішегінде құрттар да көп. Тауық қиының қаншалықты улы екеніне бір мысал келтірейін. Егер қой шөппен бірге тауықтың қиын жеп қойса, өліп қалады. Біз оны тіл астына салып, сорамыз-ау.

Желім де ағзаға зиянды зат. Өзбекстанның онкологиялық орталығы таратқан мәліметтерге қарағанда, ауыз қуысының рак ауруына шалдығатындардың 80 пайызы насыбай ататындар екен. Ауыз қуысының, жұтқыншақтың, кеңірдек пен қолқаның рак ауруы қазақстандық ер-азаматтарда әйелдерге қарағанда 10 есе көп кездеседі. Осының өзі көп нәрседен хабардар етіп тұрған жоқ па?

Алматы қалалық наркология орталығының жасөспірімдерді медициналық және әлеуметтік коррекциялау қызметінің меңгерушісі Гүлзада Мұхамбетова былай дейді:

– Насыбай – есірткі, оны бір пайдаланған адам одан өз еркімен бас тарта алмайды.

Иә, сонымен, қорыта айтқанда, насыбай ататындар рак, ішек құрттары және белсіздік ауруымен басқаларға қарағанда жиі ауырады. Насыбайға әуестік – ең алдымен – өз денсаулығыңа балта шабу. Ракпен ауылдас боламын демесеңіз, насыбайдан аулақ жүргеніңіз жөн.

 

 

 

Related posts

Пікір қалдыру

1 пікір - "Насыбай: немесе күл-қоқыстан бір асап алып, былш-былш түкіріп жүре береміз бе?"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын

Makalanizga rahmet Jamilya! Atten osi akparat keninen kalin jurtka min ret taratilsa, densauligina kobirek konil boletinder kobeyer me edi…

wpDiscuz