Шетелдегі отандастарымыз Қазақстанда қаншалықты дәрежеде білім алып жүр? Атажұртым деп аңсап келгендердің өз топырағындағы күйі қандай? Жаңадан қабылданған «Білім туралы» заңға оралмандар мәселесіне байланысты нақты өзгертулер енгізу керек. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде көршілес елдердегі қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері мен елдің атқамінерлері осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті.
Елдегі жоғарғы оқу орындарында қазір 26 мыңнан аса қандасымыз дайындық курсында білімін жетілдіріп жүр. Онда кириллицамен танысады, қазақ әдебиетіне баулиды, қысқасы, атажұртқа бейімдеу орталығы іспеттес жүйе. Оралман жастың одан кейінгі білімін әрмен қарай жетілдіру мүмкіндігі тұманды. Бағы жанғаны оқуға түседі, қалғанын қара жұмыс күтіп тұр. Осы түйткілдің түйінін тарқату IV құрылтайдың мойнына жүктелген. Себебі, осы жылдың 25 мамырында өткізілген жиында Елбасы оралман отандастардың білім алу мәселесін ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына жіті бақылауға алуды тапсырған болатын.
Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары: «Оралман жастардың білімін жетілдіру курстарынан соң, жарымынан бөлігінің далада қалып жатқаны жөнінде министрлікте бірнеше рет көтерілген болатын. Сол кезде біз елдегі бірнеше колледждер мен кеңейтілген лицейлерге оралман балаларды жіберу ұсынысын айтқан едік. Соның нәтижесінде олар оқып, жайғасып болған соң, әрі қарай өзге де туыстарын туған жерге тартуына мүмкіндігі болады.
Дегенмен Қазақ елінде соңғы жылдары қандастарымызға деген қамқорлық күшейіп келеді дейтіндер де бар. Оның айғағы ретінде түрлі жобалардың ұйымдастырылуы мен гранттардың берілуін айтуға болады екен.
Түрік академиясы президентінің кеңесшісі Ділдәш Рысқұлбекқызының сөзінше, соңғы 8 жылдан бері Дарын орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан — атажұртым, қасиетім — ана тілім» деген олимпиада өтуде. Қазақ тілі мен әдебиетіне, журналистикаға, мәдениетке бейім жастар оған қатысып, грантпен бүгінде 130 бала оқып жатыр екен.
Моңғолия мен Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан һәм Қарақалпақ еліндегі қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің залында өздеріндегі тілге қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Жиыннан жақсы әсер алған елдер арасындағы алтын көпірді жалғаушылар жақын арада жағдайларының оңалатынан үмітті екенін білдірді.