Облыста ауызға алар оңды істер көп. Оңтүстікте ғана емес еліміз бойынша ел еңсесі көтерілген. Егемендік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарды осы күні езу тартып еске аламыз. Дегенмен өткенді ой елегінен өткізіп тұрмай алға ұмтыла алмайтынымыз тағы бар. Олай болса, «Оңтүстік Қазақстан облысын тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде кімдер басқарды? Ел есінде қайсысының есімі жатталып қалды? Облысты басқарған әкімдердің қалдырған қолтаңбасы қандай?» деген сауалдардың туындайтыны да заңдылық. Сонымен…
Әкімдік жүйе егемендігімізді алған соң бірден ендіріле бастады. Елге «әкім» деген сөз алғашқыда түрпідей тиді. Оны кекесін мағынада қолданғандар да болды. Оның үстіне елде атқару комитеттерінің «авторитеті» зор еді. Жоқ-жітігін айтып халық әлі де болса әкімге емес қалалық, облыстық атқару комитетінің хатшысына баратын. Көз көрген. Үйренген басшысы. Қош, сонымен, мемлекеттің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының алғашқы әкімі болып 1992 жылы Марс Фазылұлы Үркімбаев тағайындалды. Есімі онша таныс емес.
Елеңдескен ел Президенттің «Үлкен ғалым, жаңалыққа жаны құштар жан» деп таныстыруынан кейін көңілін демдеді. (Алғашқы, тұңғыш болудың өз қиындығы бар). Қиын-қыстау кезең басталған тұс. Жаңалық әкелетін әкімге оңтүстікқазақстандықтар дәмете қарады. Мархабат ағамыз айтпақшы «ғалым әкім» әкелетін жаңалық көп кешіккен жоқ. Облысқа алғашқы инвесторды әкелген де — Үркімбаев. Қасына білікті мамандардан топ жасақтап Израилға алып барды. Ауылшаруашылығын көтеру бойынша тәжірибе алмасты біздіңкілер. Тамшылатып суғару технологиясына таңдай қағысып келді. «Бізде де қолдануға болады» деп арқаланды мамандар. Бастады.
Айтпақшы, Үркімбаевтың қолтаңбасы деп «Академиялық қалашықты» атауға болады. Өкініштісі сол — тұңғыш әкіміміздің бұл жобасы аяғына дейін жүзеге аспай қалды. 1992-93 жылдар академиялық қалашық салатындай заман емес еді. Зауыттар тоқтап, айлап жалақы көрмеген жұмысшылар ашынып бас көтере бастаған. Қазақ тіліне шорқақтығы да Үркімбаевты қаймағы бұзылмаған Оңтүстік халқынан алыстата бастады. Бірақ шыны керек, Үркімбаевты демалыс күндері «Қырғы базардан» көретіндер көбейді. Базар бағасын қарапайым сатып алушы ретінде бағамдап келіп әкімдіктің алқалы жиынында бағаны тұрақтандыруды мәселе етіп көтеріп, шара көруді тапсырған тұстары жиі болды. Оның үстіне ол кісі базарға шабармандарымен бірге бармайтын. Салаға жауапты мамандарды ертпейтін. Демалыс күні. Қарапайым жұртпен бірге, сұр плащын киіп алып, сауда қатарын ара-а-ла-ап жүретін.
Ел Үркімбаевтың кадр таңдауда қателеспегенін айтады. Идеология жөніндегі орынбасарлығына сол кездегі Арыс ауданының әкімі Қуаныш Айтахановты алып келуі, «комсомолда» шындалған Зауытбек Тұрысбековты бірінші орынбасар етіп қоюы күш біріктірудегі орынды тактикасы еді. Себебі, былайғы жұртқа беймәлім болғанымен, «Ақ үйде» облыстық мәслихат пен әкімдік арасында «мылтықсыз майдан» жүріп жатқаны бар-ды. Қадамын тәй-тәй басқан тәуелсіз Қазақстанда бар күш ең алдымен тұрмысты көтеруге бағытталып жатқан тұс. Газ, свет жиі өшіп, ел коммуналдық төлемақы қарызына белшеден батқан. Светке ақша төлемек түгілі нанға ақша таппай, оның өзін кезекке тұрып алатын тұс. Өнер, әдебиет, тіл кейінге ысырылған шақ. Облыста ғана емес, республика бойынша сондай еді.
Соның өзінде облыста өзгелерден бұрын құрылған ішкі саясат бөліміне басшы етіп Үркімбаев белгілі қаламгер Мархабат Байғұтты тағайындады. «Бұл бөлім қазіргідей әкімнің орынбасарларына емес, тікелей тек әкімге ғана бағынатын ол кезде» дейді Мархабат ағамыз өткенді еске алғанда. Ішкі саясат бөлімінің жұмысы, Айтахановтай идеологтың іскерлігі 1993 жылы мамыр айында Ордабасыда өткен Ұлы жиында көрінді.
Дегенмен «Ақ үйдің» иесінің үстінен арыз жоғары жаққа борай берді білем. Оған негіз болатын дәйектер де жоқ емес еді. Елдің әлеуметтік жағдайы төмендей берді. Ана өлімі 100 мың тірі туғанға шаққанда 80,7 пайызға шықты. Бала өлімі де көбейді. Әр тұрғынға медициналық қызмет көрсетуге жұмсалатын қаржы көлемі облыста 0,3 теңгені құрады.
1993 жылдың 3- желтоқсанында ҚР Президентінің №1437 Жарлығымен облысқа әкім болып Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков тағайындалды. «Ел ештеңе өзгермейді» деп жатты. Үркімбаевтың тұсында бірінші орынбасар болған азаматты «онсыз да билік басында жүр, өзгертетін болса өзгерте бермеді ме» деген пікірдің болғаны рас. Дегенмен З.Тұрысбековты әсіресе Мырзашөл өңірі, Отырар алқабы, шалқыған Шардара аймағы «өзіміздің Қауысбектің ұлы ғой» деп қуаттады. «Ештеңе өзгермейді» дегендер біртіндеп қателесе бастады. 1991-1992 жылдар аралығында егін шаруашылығы 6,4 млрд.теңгенің өнімін өндірсе, бұл көрсеткіш 1995 жылы 11,6 млр.-дқа көбейді. Мал шаруашылығы да өнім көлемін 4,1 млрд. теңгеден 7,6 млрд.-қа арттырды.
Өкініштісі сол өнеркәсіп өркендеген жоқ. Керісінше зауыт-фабрикалардың барлығы да өз жұмысын әлдеқашан тоқтатқан. 1991 жылы 14,8 млн. теңгенің ғана өнімін өндіре алыпты бұл сала. Алайда «Комсомолдың» шекпенінен шыққан әкімнің жалындаған жастығына сенгендер, ешбір тосын сұраққа жауап бере алмай тосылып қалмайтын шешендігіне риза болатындар көп еді. Бәрібір облыста әлеуметтік саланың жағдайы жақсара қоймады. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда 1995 жылы 1991 жылға қарағанда ана өлімі — 51,7 пайызға, бала өлімі 25,5 пайызға төмендеді. Бірақ орташа айлық жалақы 160 теңге күйінде қалды. Оның өзі кез келгеннің қалтасынан табыла қойған жоқ.
Тұрысбековтың тұсында газ, свет, талай уақыттан бері ұмыт қалған жылу мәселесі шиеленісе түсті. «Фосфор» зауытының жұмысшылары айлық жалақы қарызын талап етіп, облыстық әкімдіктің ғимараты алдына «аштық жариялап» жатып алды. Елге екі қолға бір күрек ұстатар жұмыс тауып беру мұң болды.
Осынау қиындық 1997 жылы Президенттің №3785-ші Жарлығымен Оңтүстікке әкім болып тағайындалған Қалық Абдуллаевтың тұсында да жалғасты. Алматыдан келген әкім Абдуллаев келе сала қазіргі «Тәуелсіздік саябағы» орналасқан төбедегі базарды көшірумен айналысты. Елдің бәрі базарға шығып, ала дорба арқалап, саудамен айналысып, «комерсант» деген жаңа мамандық түрі пайда болған кезеңде барын базардан айырып жүргендер ал кеп шуласын. Әкімшіліктің алдына шулап халық күніге жиналады. «Самолет» базар жабылмасын! Көшірілмесін!» дейді баскөтерерлері бажылдап. Болмады. Болмаған соң Қалық Абдуллаев кабинетінен шулаған жұрттың алдына шықты. Бір қолы қалтасында. «Ол төбе — базар болатын жер емес. Біле- білсеңдер ол төбенің астында сенің де, менің де тарихым жатыр. Көшеді базар! Басқа жаққа!». Әкімнің бұл сөзіне көнді халық. «Қолындағы татуировкасын көрдіңдер ме?! Оңай адам емес. Қой, қарсы шықпайық» деп сол жерде-ақ сөз таратты енді бірі.
Айтпақшы, 1993-1998 жылдар аралығында Оңтүстікте майда-шүйде қарақшылық, пәтер тонаушылық, ұрлық-қарылықтан бөлек ауыр қылмыстар орын алды. Бірі — елдің үрейін ұшырса, енді бірі бұқараны биліктен бездіртті. Себебі, қарапайым халық ауыр қылмыстарды болдырмаудың жолын жасамады, алдын алмады деп билікті жазғырды. Сол уақытта беймәлім өліммен жер құшқан, белгілі банкир Вихманға, өз үйінде белгісіз біреулер атып кеткен Мардан Сапарбаевқа, қызмет бөлмесінде жауыздықпен өлтірілген дәрігер Сәулетбек Қалдыбаевқа қатысты қылмыстық істің түйінін сол күйі тарқата алмады ел. Оларға қатысты қылмыстың сол күйі ашылмай қалғанын да ұмытты.
Есесіне ақ қар, көк мұзда көше бөгеп, көліктердің жүріп-тұруына кедергі келтіріп, «бізге свет бер», «газ қашан болады?», «айлығымызды қашан аламыз?» деп Байтұрсынов көшесін жиі «жабатын» жамағатқа сол кездегі қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Ю.Василенконың терісіне симай, ақ тон киіп келіп, «жолды ашыңдар, әйтпесе 15 тәулікке қамаласыңдар» дегені есте ұза-а-а-а-а-ақ сақталды.
«Алматыдан келген әкім» экономиканы көтермесе де, елдің рухын көтеруге көп әрекет етті. Бәлкім, бұл идеология жөніндегі орынбасары Дархан Мыңбайдың еңбегі болған шығар. Әйтеуір, елге алыстағы ақын-жазушылар, әншілер жиі шақырылатын болды. «Аққу мен қаздай қол ұстасып, бүгінгінің Қыз Жібегі мен Төлегені келе жатыр» деп жазды газеттердің бірінде Мақпал мен Заманбектің облысқа жасаған сапарын. Концерттер қойылды.
Бүгін ел Қалық Абдуллаевты «жетімдерді жебеген әкім» деп еске алады. Сол кісінің бастамасымен алғаш рет аяқастынан аудан әкімдері жарыса жетімдерді жебей бастады. Әрқайсысы 10-15 баладан қамқорлығына алып, олардың есепшотына қаржы аударып, бәйек болды да қалды. Балалар үйіне барсақ, ондағы тәрбиешілер «Мынау Түлкібас ауданы әкімінің «балдары», мынау Сарыағаш ауданы әкімінің «ұл-қызы» деп топтап-топтап көрсетеді. Әкімдерден «әке» тапқан балақайлар мәз. «Жетімін жылатпаған елміз» деп осы бір игі бастаманы көтергенімен, Абдуллаев әкімдіктен кеткен соң аудан әкімдері балалар үйіндегі «өкіл балдарын» ұмытты. Тек Қалық Абдуллаевтың өзі осы күнге дейін сол балдарын оқытып-шоқытып жүр, жоғары білім алуына септігін тигізуде деп естиміз.
Облыстың 4-ші әкімі болып 1999 жылдың 28-шілдесінде Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев тағайындалды. Бұрынғы кадрлардан «қадір кеткен», «барлығын басынан бастау керек», «мен ойлаймын» өңірдің экономикасын көтеруге барлық мүмкіндік бар деген «заман туды». Расында да кішігірім болса да жұмыс орындары ашыла бастады. Қазақстан деген кең-байтақ елдің реңі кіре бастаған, гүлдену жолына аяқ басқан тұс. Қарын тоя бастаған соң «Қара домалақ-2000» деген акция ұйымдастырылып, кешегі «комерсанттарыңыз» «бизнесмен» деген жаңа мамандықты меңгеріп, «кооператив» дегеннің орнына «холдинг», «корпорация» деген ұғымдар енген. Сол «жаңа қазақтар» біраз ақшасын шығарып, демеушілік танытатын іс-шаралардан көрінуге ұмтылған уақыт. Өзімізде де кадр жететін еді, бірақ әр әкім сенімді серігін ертіп жүретін, лажы болса сыры мәлім маманды қызметке тартатынына көндіге бастағандай уақыт. Дегенмен сол кездерде «Замана» газетінде «Төрлетіңіздер, қызылордалық ағайын!» деген тақырыпта мақала шыққан. Соған қарағанда бұған дейін Қызылордада қызмет атқарған әкім Сапарбаев сенімді серікті со жақтан көбірек әкелген-ау?! Мамандығы экономист әкім облыс экономикасын көтеруде аянып қалған жоқ. 1995 жылы облыста -11 213 кәсіпорын бар болса, 2000 жылы олардың саны 23 913-ке жетті. Жаңадан жұмыс орындары ашылды. Ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 19,2 млрд. теңгеден 49,4 млрд.-қа көтерілді. Әлеуметтік салада да ілгерлеушіліктер байқалды. Облыс бойынша жаңадан 24 мектеп пайдалануға берілді. Облыста 2000 жылы орташа айлық жалақы көлемі — 9213 теңгені құрады. Ең бастысы Сапарбаевтың кезінде свет те, газ, жылу да бір қалыпқа түсті.
Бұл ахуал билікке 2002 жылы Жылқышиев Болат келгенде де бірқалыпты күйінен төмендеген жоқ. Есесіне мамандығы құрлысшы Болат Әбжапарұлы Қонаев даңғылын ұзартты. Бір ғана «Нұрсәт» шағынауданын салумен-ақ Жылқышиевтің қолтаңбасы қалыптасты десек те болады. «Тшановтан бата алған» деп ел айдар тағып айтатын Жылқышиевтің батыл бастамалары көп. Кентаудың мүшкіл хәлін көтеріп, Шымкентті шырайландыра бастады. Облыс бойынша 2005 жылы 27 643 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Жаңадан 75 мектеп салынды. Ана өлімі 52 пайызға төмендеді. Облыстағы кәсіпорындар саны 35 709-ға көбейді. Елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөліне бастады. 2000 жылы құбыр суысен қамтамасыз етілген елді мекендер саны — 340 болса, 2005 жылы оған 46 ауыл қосылды. Осылайша облыс бойынша таза сумен қамтылған ауыл 43 пайызға жеткен.
Әттең, медицинадағы кей мамандардың салғырттығынан бейкүнә балаларды ВИЧ-ке шалдықтырып алмағанымызда… Жылқышиевтің әкімдік тақтан кетуіне тек осы бір оқиға ғана себепші болды. Себебі Елбасының өзі қызметтен алып тұрып, «Болатты аса құрметтеймін!» деді.
Жылқышиевтан соң облысқа әкім болып 2006 жылдың 20 — қыркүйегінде Өмірзақ Шөкеев келді…
(Жалғасы бар…. )
Жәмила Мамырәлі.
Тақырыпқа орай оқырмандардың білдірген пікірі:
Оразәлі Балабеков, профессор, академик:
— Оңтүстікке әкім болып келгендердің барлығы да осы елдің жағдайын жақсартамын, облысты көрсейтемін деп келеді. Жаманы жоқ. Қай-қайсысы болса да өз деңгейінде жұмыс жасауға тырысты.
Дегенмен, мен үшін Марс Фазылұлы Үркімбаевтай әкім жоқ дер едім. Ең алғаш біздер «инновация» деген терминді де соның аузынан естідік. Кейінгі әкімдердің қолға алып жатқан тамшылатып суғару әдісін де сол Үркімбаев әкелген облысқа. Белгілі себептермен кезінде дамыта алмаған шығар, өз жобасын толық жүзеге асыруына мүмкіндік те берілмеді деп ойлаймын. Үстінен арыз аз жазылмады. Анау акедемиялық қалашықты да толық аяқтай алмай кеткені содан. Әкімдік қызыметте тағы бір жыл отырғанда алға қойған мақсаттарына жететін еді.
Төлебай Көлбаев, облыс прокурорының көмекшісі, прокурор-криминалист:
— 1997-1998 жылдары облыс қараңғылықта қалды. Жарыққа жарымаған жұрт апталап, айлап электр энергиясының болмайтындығына әбден көндігіп те қалған. Сөйтсек, мұның сырын 1999 жылы прокурорлық тексеру жүргізгенде бір-ақ білдік қой. Бір жапырақ қағазды негізге алған пысықайлар бүкіл облыстың энергосистемасын жекеменшікке беріп жіберіпті. Прокуратура мен ҰҚК-нің бірлескен іс-әрекеттері нәтижесінде 2,5 жылдан соң, яғни 2001 жылдың басында энергиямен қамтамасыз ету жүйесін қайтадан мемлекет меншігіне қайтардық. Шынымды айтайын, осы іспен айналысқан мамандардың барлығы да табандылық танытып, әділдіктің орнауына бар күштерін салды. Қорыққан кездерімізде болғанын жасырмаймын. Жан-жақтан жасалынған қысымға қарсы тұра білу оңай болған жоқ. Өзіміз үшін емес, бала-шағамыз үшін қорықтық. Сол кездегі облыстың прокуроры І.Бақтыбаевтың табандылығының арқасында, біздің жұмысымызды қолдап, қорғауының нәтижесінде ғана жеңіске жеттік.
Өкініштісі сол мемлекет үшін маңызы зор жүйені жекеменшіктен мемлекеттік меншікке қайтару жолындағы 2,5 жыл төккен теріміз уақыт өте келе зая кетті. Арада 6 ай өткенде облыстың электрэнергиямен қамтамасыз етуші мекемесі бәрібір жекеменшікке беріліп кетті. Осындай кездер де болған…
Ал, жалпы облысты бұған дейін басқарған әкімдердің ішінде елдің еңсесін көтеру ісінде Ө.Шөкеев пен Б.Сапарбаевтың ғана қолтаңбасы қалды деп санаймын. Сапарбаев облысқа ең қиын кезеңде басшы блп келді. Соған қарамастан экономиканы көтере білген азамат. Ең алдымен жарық пен газдың тұрақты берілуін қамтамасыз етуден бастады тірлікті. Жұмыс орындарын ашты.
Ө.Шөкеев өте батыл қадамдарға барды. Қаланы қандай гүлдендірді. «Осылай істеуге болады екен ғой, біз де осындай қалада өмір сүруге лайықты екенбіз ғой» десті ел. Елдің еңсесін көтеріп кетті. «Ол Үкіметтен келді. Со жақтың адамы болған соң қаржыны оңай ала алды» деген пікірмен келіспеймін. Барліқ әкім Үкіметпен жақсы тұрды. Бірақ, Шөкеев сынды мол қаржыны сұрай алған жоқ қой?! Шөкеев сынды батыл қадамдарға барған жоқ қой! Жүрек бәрінде бар, тек табандылық таныту оңай емес.
Кадр таңдауда да қателеспеді деп осы екі әкімді айтар едім. Жалпы біздің облыста кадр таңдау, кадр дайындау мектебін мықтап қалыптастырған А.Асқаров болатын. Одан өткен бұл саланың білгірін әлі көрмедім. Әр маманды өз саласы, өз орнына дөп тауып қоя білді ғой, жарықтық. Арғымбековты Шәуілдірге апарып еді, қандай гүлденді Отырар. 3-4 метрлік жүгері өсірумен даңқы шықты. Мақтаралға Ошақбай Көлбаевты да дәл тауып апарды. Әуезхан Салықбаевты теміржолға қойды. Талай жыл бойына сол темір жолдың жұмысын жаңдандырды ол кісі де. Кадр таңдауда бүгінгі әкімдерге Асқаровтан өнеге алуы керек деп ойлаймын.
Әміркүл Қасқабаева, көп балалы ана:
— Қарапайым халыққа әкімнің қай ауылдан, қай рудан екендігінің қажеті шамалы. Ең бастысы халықтың игілігі үшін еңбек етіп, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға барын салып жұмыс істесе болғаны. Оның үстіне әкімдерді мен Елбасымыздың осы облыстағы сенімді өкілі деп қабылдаймын. Тек сол әкімдердің арасында облысты «мәңгі басқарып тұратындай» белден басып, білгенің жасап кететіндері кездесіп қалатыны қынжылтады. Өз басым Бердібек Сапарбаевты, Өмірзақ Шөкеевті облыстың экономикасын да, әлеуметін де көтерген әкімдер деп танимын. Аз уақыттың ішінде талай іс тындырған Шөкеевтің есімін ел әлі де аузынан тастамайды.
Төрегелді АМАНБАЙҰЛЫ, Кентау қаласының тұрғыны:
— Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде облысты басқарған сегіз әкімнен мен үшін шоқтығы биік болып қалғаны Болат Әбжаппарұлы Жылқышиев дер едім. 2002-2006 жылдары облыс орталығының тізгінін ұстауға Кентау қаласының әкімі қызметінен көтерілген Б.Жылқышиевтің кеншілер қаласы үшін жасаған жұмыстары айтарлықтай. Ол әсіресе, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларын реттеп, ойын алаңшаларын жаңартуға сүбелі үлес қосты. Сол шақтарда Кентауда күн санап артып бара жатқан қылмыс санын азайтуға атсалысып, оны болдырмау үшін футбол алаңшаларын салдыртты. Қысқасы, Б.Жылқышиев тұралап тұрған Кентауды аяғынан тік тұрғызуға қажыр-қайратын салған азамат деп ойлаймын. Менің айтып отырғаным бұл бір ғана Кентауда жасалған тірлік. Осы сынды облыс көлемінде де көптеген жұмыстардың жасалғанына ел куә.