Компания жаңалығы 

“Кітаппен дос отбасы” анықталды

Қоғамды жаһандану заманының интернет атты жүйесі жаулап жатқанда кітаппен қаншалықты дос бола алып жүрміз? Мұның жолын А.С. Пушкин атындағы облыстық әмбебап кітапханасы табуға тырысқандай. Кітапханашылар осы жылдың көктемінен бастап облыстағы 15 ауданда кітапты көп оқитын отбасыларға байқау жариялап, үздіктерін анықтаған болатын.

“Кітап және отбасы” атты IV аймақтық форумының аясында “Кітаппен дос отбасы” атты байқау да ұйымдастырылды. Жан-жақтан жиылған үміткерлер халқын сүйген салтын сүйер (көрме), сәлемдесу, оқыған кітабындағы сүйікті кейіпкерін сомдау және оқырман мәртебесі атты төрт кезең бойынша сынға түсті.

Сайысқа қатысушы түркістандық Жайықбаевтар әулетінің отағасы Әмірхан ағаны сөзге тарттық. 14 жасынан бері кітапқа айрықша “аранының” ашылғанын айтқан азамат осы күнге дейін отбасымен бірге 300-ден аса рухани азықтың бетін парақтапты. Жұбайы, қызы және екі ұлымен бірге бүкіл Түркістанның намысын қорғаған отбасы мүшелері Мұхаммед (ғ.с.с) пайғамбар өсиет етіп қалдырған “Оқы, оқы және оқы” ұранын жадымыздан шығарған емеспіз дейді. Қазіргі жастардың қай нәрседе болсын мүмкіндіктің мол екенін айтқан ағамыз жастарымыздың жаһандануға жұтылып кетпеуін қалайтынын айтты.

Сонымен, еңбектеген баладан еңкейген қартына дейін біріге тайталасқа түскен сында “үздік оқырман әулеті” де белгілі болды. Қазылар алқасы бәйдібектік Борантай отбасын жүзден жүйрік деп тауыпты. Бас жүлдеге 100 мың теңге тігілген. 1-орынды Отырар ауданынан келген Жүсіп отбасы иемденсе, 2-орын Созақ (Үрзімовтер отбасы) пен Төлебилік (Танебаевтар отбасы) жанұяларға бұйырыпты. Кентау (Берікқара отбасы), Мақтарал (Ақмырзаевтар отбасы) және Шымкенттен (Наурыз отбасы) бақ сынаған әулеттер үшінші орынды еншілегенін айтты ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ, “Ең үлкен әулет”, “Ең мықты әулет” және “Ынтымақты әулет” сынды арнайы номинациялармен жүлделенген Сарыағаш пен Ордабасы және Сайрамдық топтардың да бұл күні қанжығасы бос қайтқан жоқ. Жүлдегелердің барлығы да қаржылай сыйлықпен марапатталды.

 

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz