Мемлекеттік шенеуніктер мен полиция қызметкерлері арасында заңбұзушылық азаймай отыр

Прокуратура органдары кез келген мекеме, ұйымды бассалып тексере бермейді. Бұл жұмыс жоспарға сәйкес және азаматтар жазған арыздар негізінде жүргізіледі. Мысалы, үстіміздегі жылдың 9 айында облыстағы прокуратура органдарына 16 мыңнан аса арыз, шағым, өтініш түскен екен. 3 мыңдай азаматтар прокурорлардың жеке қабылдауында болыпты.

Полиция саласында прокурорлар есептен жасырылған 495 қылмыс фактісін анықтаған. Бұл үлкен көрсеткіш, тіркелген қылмыстардың 4 пайызына жақын. Қылмыс туралы арыздарды электронды тіркеу қызметіне және процессуалдық, техникалық қателіктерге жол бермеуге байланысты қадағалау күшейтілген. Осының нәтижесінде қылмыс туралы арыздар мен хабарламалардың саны 39 433-тен 81 561-ге өсіп шыға келген. Міне, осы қылмысты жасыру фактілері бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған. Осы орайда айта кеткен жөн, ішкі істер департаментінің және оның құрылымдық бөлімдерінің қызметінде орын алған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық ықпал ету актілері енгізіліп, 943 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Анықталған заңбұзушылықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында сараланып, 209 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған екен, арасында облыстық деңгейдегі 2 мекеменің басшысы бар. Айтпақшы, әкімдіктер де бұл жөнінен мақтана алмайды. Жерге қатысты мәселелер бойынша тексерулер барысында 5 мыңнан аса заңбұзушылықтар кездескен, мемлекеттік органдардың 1827 заңсыз актісінің күші жойылған.

Сондай-ақ 66 тұлға жауапқа тартылып, 4 мыңнан аса жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Шымкент қалалық әкімдігінің 2010 жылғы қаулысымен «Тур-Ахмет Компания» серіктестігіне тойхана ғимаратын кеңейту үшін Металлургтер саябағы аумағынан бөлінген 989 шаршы метр жер қайтадан мемлекет меншігіне өткізілді. Оны айтасыз, прокурорлармен енгізілген наразылықтар негізінде 63 қылмыстық, 46 азаматтық және 36 әкімшілік істер бойынша сот қаулылары заңға сәйкестендірілген.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz