Жиналып қалған 18,5 миллион теңгенің 7 миллионы берілді. Жұмысшыларға жалақыны кәсіпорын бірнеше айдан бері кешіктірген болатын. Бұл жағдай тіпті ондағы жұмысшылардың қыркүйек айында наразылық акциясын ұйымдастыруға себеп болған еді. Сол кезде зауыт жетекшілігі есептесуге уәде еткен.
Зауыт ісін оңтайландыру мүмкін болмады. Себебі кәсіпорынның басшылығы өндірістің іске асуы үшін несие алмақшы болған еді. Алайда банктер оларға ақша бермеді. Зауытты қаржыландыруға инвесторларда асыққан жоқ. Дегенмен «Асбоцемконструкция»АҚ-ның аяқтан тік тұрып кетуіне облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы көмекстесуде. Алайда оның жұмысы нәтижесіз.
Зауыттың ісін өркендету үшін модернизациялау мен айналым мүліктерін іске қосу қажет. Мұның бәрі қазір көп қаржыны қажет етеді. Бүгінгі таңда жұмысын қайта жандандыру үшін айналым мүліктерін алу үшін оның жолы қарастырылуда.
Шымкент шифер зауытына тығырықтан шығуына Ресейдегі шифер зауыты қауымдастығы көмек қолын созуы мүмкін. Қауымдастықтың төрайымы Светлана Наймон қаламызға бірнеше рет келіп үлгерді.
Соңғы рет ол бұл зауытқа қараша айының басында ат басын бұрған болатын. Мамандардың айтуынша, ол біздің зауытқа қызығушылық танытып, ондағы жұмыстың қайта жандануына көмек беруге ниетті екенін білдірген.