«Шымкентті шырмаудан шығардық»

немесе Сүгірбаевтың сүрлеуінен өткен қызыл сызық-под.тема

Оңтүстікте шекпенді шенеуніктер үшін кезекті емтихан тапсыратын кезең келді. Қазір барлық басқарма және департамент басшылары облыс әкімінің алдында 9 айдың қорытындысы бойынша есеп беріп, ақ тер-көк тер болып жатыр. Алғашқылардың бірі болып облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бастығы Сұлтанбек Сүгірбаев сынақ тапсырған-ды. Бүгінге дейін тындырылған тірліктердің жұмыстардың басын шалды. Соның бірқатарына байланысты туындаған сұрақтармен біз де Сүгірбаев мырзаны әңгімеге тартқан едік. Алайда, айта кетейік, кешегі аптада орын алған кадрлық ауыс-түйістің нәтижесінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бастығы лауазымды қызметіне Қ.Жамашев тағайындалды. Дегенмен оқырмандардың сұрауы бойынша, басқарманың экс-басшысының «Отырар» телеарнасы арқылы берген сұхбатын жариялауды жөн көрдік.

Сіз басқарып отырған басқарманың осы 9 айда атқарған жұмысы қандай баға алды?


— Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының аты айтып тұрғандай, Оңтүстікте бой көтеріп жатқан және салынып қойған нысандардың барлық талаптарын қадағалайды. Енді осыдан бастап өздеріңіз байқай беріңіздер, біздің облыста не көп, құрылыс нысандары көп. Олардың ішінде мемлекеттік бағдарламалардың аясында бой көтеріп жатқаны қаншама. Осының бәріне сараптама жасап, комиссия отырысында барлық талаптарын қарап, қабылдап аламыз. Біздегі саланың жұмысы күнделікті қым-қуыт. Өйткені құрылыс қарқын алған өңірімізде күнделікті пайдалануға беріліп жатқан нысандар бар. Бұл да біздің саладағы тындырылған тірліктердің айқын көрінісі. Мұны облыс әкімі де атап өтті. Жалпы, есеп беру ойдағыдай болды, қанағаттанарлық деген баға алдық.

— 2008-2009 жылдары аралығында, әсіресе Шымкентте қызыл сызыққа деген талап күшейтілді. Құрылыс жобасынан ауытқып, өзімбілермендікке салған талай кәсіпкер жүргінші жолын заңсыз басып алып, бірнеше нысанды салғанына өкінді. Ақырында оларды сот шешімімен қиратуға үкім шықты. Сөйтіп талапқа «бағынбаған» талай кәсіпкердің нысаны трактормен бұзылды. Бірақ қазір сол жағдай саябырсып қалған тәрізді. Қызыл сызықтың «қызығының» тоқтауына не себеп?


— Ол тоқтап қалған жоқ. Әлі де жалғасып жатыр. Иә, дұрыс айтасыз, осыдан бірнеше жыл бұрын сот шешіміне сүйеніп, сот орындаушылармен бірігіп, талай нысанды бұзған болатынбыз. Оны БАҚ өкілдері жан-жақты қамтып, көрсетті де, жазды да. Осы уақытқа дейін қызыл сызыққа шығып кеткен 300 нысан қиратылды. Қазір шымкенттіктердің өзі де байқаған болар, құрылыс талабына сәйкес келмейтін ғимараттар кемде-кем. Олармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз, дайындалған құжаттарды сотқа жөнелтудеміз.

— Бірақ бұрынғыдай белсенді емес сияқты. Сіздің басқарма бір нысанды бұзып жатыр екен сот шешімімен дегенді естіп жатқан жоқпыз. Әлде бұл іс те маусымдық болып кеткен бе?


— Жоқ, біздің басқарма қызметкерлері дайындаған құжаттар қазір сотта жатыр. Ол айлар бойы қаралатынын білесіздер. Сондықтан қазір аздап бәсеңсіп қалғанына себеп осы. Бірақ таяу арада сот үкімі шығатын болады, соған қарай біз тағы да БАҚ өкілдеріне жариялай отырып, сол тірліктермен халықты құлақтандыратын боламыз.

Мемлекеттік бағдарлама аясында Оңтүстікте құрылыс қарқын алды. Елбасының «100 мектеп,100 аурухана», «Жол картасы», «Балапан» бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандардың салынғаны да, енді бой көтеріп жатқандары да жетерлік. Ал сондағы құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекемелер қаншалықты сапалы іс тындыруда? Басқа-басқа мемлекеттік тапсырысты орындауда мұндай мекемелер жүрдім-бардым жұмыс атқарып, қаржыны толық игердік деп, тұра қашатындары бар. Бұған не дейсіз?


— Біздің басқарманың негізгі жұмыстарының бірі де осы. Мамандар күнделікті тексеруге барады. Әрине, мемлекеттік тапсырыс болғандықтан, оның іздері-сұрауы жоқ дейтін мердігерлер де кездесіп жатады. Бірақ тексеріп барған мамандар барлық олқылықтардың орнын толтыртуға мәжбүрлейді. Техникалық инспекция тарапынан да қадағалау күшейтілген. Сондықтан құрылыс барысы түгелімен біздің бақылауымызда. Дегенмен мойындау керек, әр түрлі мердігерлер бар, талапқа бағынбай, тұра қашатын. Ол мекемелерді біз сот арқылы мәжбүрлейміз. Сөйтіп, қара тізімге қосып қоямыз.

— Түсінікті, енді өзіңіз басқарып отырған мекеменің ішкі тыныс-тіршілігіне келсек. Сіздерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр? Облыстық қаржы полициясы дәл осы басқарманың қызметкерлеріне қатысты іс қозғады. Білдей орынбасардың өзі от басып қалғаны туралы кең тарады. Мұндай жағдайда бірінші басшы отставкаға кететін еді. Сіздің ендігі әрекетіңіз қандай болады?


Шынын айтқанда, соңғы кезде көп адам осы сұрақты маған жиі қойып кетті. Әрине, егер қарамағыңдағы қызметкердің үстінен сыбайластық бойынша іс қозғалса, онда бірінші басшы орнын босатуы керек. Мен мұны өзім де ойлап жүргем. Барлық мамандарды шақырып алып, бәріне ескерттім. Ол орынбасар да күн-түн демей, өзінікін дәлелдеймін деп, ақырында денсаулығынан айрылды. Мен де күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, уайымдадым. Бірақ жуырда ғана Бас прокуратура оның кінәсіз екенін мәлімдеп, ақтап шығарды. Бұдан соң мен не үшін қызметтен кетуім керек? Меніңше, бәрі өз орнына келген сияқты.

Ашық сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Еңбектеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан — Мақсат Жақсыбайұлы

«Оңтүстік Рабат» газеті.  №47. 23-қараша 2011жыл.