Жаңбырдан кейінгі батпақ әлекке салды

Редакциямызға батпаққа белшемізден батып қалдық деген қала тұрғындары хабарласып шағымын боратты. Абай ауданына қарасты «Тельман» бөлімшесінің тұрғындары екі айдан бері өз көшесінде өздері жүре алмайды. Мәселен, ондағы «Ғафур Ғулам» көшесінің тұрғындары лайға малынып, сүйегін сындырып алып жатқан жайы бар.

Аталған көшенің тұрғыны Мұхаммед Фабдінаби қарияның сөзінше бұл көше соңғы 50 жылдан бері тақтайдай тегіс болған. Таяу маңға мектеп саламыз деген мердігер компания нысанның кәріз жолын ретке келтіру үшін аталмыш көшені қаза бастаған екен. Ешкім-ешкімнен рұқсат сұрамаған. Нәтижесінде негізінен қариялар тұратын көше тұрғындары батпаққа белшесінен батып, көзін көгертіп, қолын сындырып алып жатыр.

Нұрбол ӘЖІБЕКОВ, көше тұрғыны: «Ауырып қалсақ жедел жәрдем шақыру мұңға айналды. Көшеміздің оқушылары мектепке бара алмай қалды. Осы мәселені реттеп беріңіздер деп бір ай бұрын мердігер компанияға да бардық. Әне-міне деп уәде беріп, мінекей қысқа да жеттік. Баяғы жартас сол жартас! Бұл қыстың басы ғана. Мынадай батпақпен қыстан қалай шығарымызды көз алдыма елестете алмаймын».

Мәселенің туындауына себеп болып отырған жаңадан салынып жатқан №56 мектептің аумағына бардық. Сөйтсек, нысанның кәріз жолын ретке келтірмек болған «НТР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ғафур Ғулом» көшесін қыркүйектен бастап қаза бастаған. Қазан айына дейін бәрін де бүтіндеп береміз деген мекеме осылайша уәдесін орындамай жүр. Біз аталған мекеменің басшылығын мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруін өтінгенде, «екі-үш күнде бұл түйткілді тарқатамыз!» деп, түсіндіргісі келмейтінін айтып, шығарып салды. Редакциямыздың түсіру тобына жауап беруден бас тартқандардың бұл сөзіне біз де сенуге тырыстық. Алдағы уақытта батпақты көшенің жәйі біздің назарымызда болады.