Оңтүстіктіктер «бассыздығы басым аудан» деп атап кеткен «Қырғы»базар маңы мен Төле би көшесінің қиылысы атына заты сай болып шықты.
Адам басы көптеп шоғырланатын базар орналасқандықтан мұнда бәрі бар. Ретсіз сауда, заңсыз тұрақ, үнемі ығы-жығы болып жататын қоғамдық көліктердің аялдамасы, тәртіп сақшыларының жауапсыздығы- бұл ауданның күнделікті көрінісі. Керек десеңіз, «Тұруға болмайды», «Эвакуатор жұмыс істейді» деген белгілер де қызықтырмайды, бұл аумақты.
Осы ескертпелердің астында күні-түні саудасын жасайтын жеміс-жидек тиген жүк көліктері «салғыңды» төлеп отырмыз деп өздеріне шаң жуытпайды.
Ретсіз тұрақтан 50 метр қашықта жол полициясының көлігі осының бәрін көріп тұрса да көзін жұмады. Неге? Бұл сұраққа жауап алу мүмкін болмады, өйткені жол сақшылары түсірілім тобын көре сала қаша жөнелді.
Ескерту белгісінің қасына жиналған машиналар толастар емес. Бұл күнделікті әдет сияқты. Ал бақылау органдары шынымен-ақ заңды жұмыс істейтін болса, бұл жердегілер қала бюджетінен әжептеуір үлес қосар еді. Яғни, әкімшілік шара көрілмейді дегіміз келеді. Олар «бармақ бастылық пен көз қыстылыққа» жол бергені тайға таңба басқандай көрініп тұр.