Елі оны «Димаш» деп еркелеткен

1365

Д.А.Қонаев 1912 жылы қаңтардың 12-де Алматы қаласында туған. Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітірген. Еңбек жолын 1936 жылы Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде бастайды. Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Дінмұхамед Қонаев 1955-1960 және 1962-1964 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-1962 және 1964-1986 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Қонаев Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шетел ордендері мен медальдарының иегері.
Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылы тамыздың 22-інде, 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

«… Д.А.Қонаев Қазақстан тарихында ірі тұлға болып қалары даусыз» Н.Назарбаев, ҚР Президенті.

Таулар алыстаған сайын асқақтай түсетіні ақиқат. Қазақ үшін Д. Қонаев – тау тұлға. Ұлттың ұйытқысы болған, орны бөлек кемеңгер. Ел басқарған тұлғаның шынайы болмысы, азаматтық келбеті жайлы не білеміз? «Димаш» деп еркелеткен ел, ердің ерлік істерін насихаттауда ма? Өскелең ұрпақ Қонаевты біле ме? Есімін мәңгі есте қалдыруда елімізде қандай игі шаралар атқарылуда?

Өміртарихынан білетініміз Дінмұхамед Ахметұлы тектілердің тұяғы. Алматыда қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Содан да болар еңбек жолын қара жұмыстан бастаса да, азаматтық келбеті о бастан-ақ айшықталып тұрғаны. 24 жасында Қоңырат кенішінде бұрғылау станогының машинисі болып бастаған жігіттің еңбек жолы ерлік істерге толы. Соның бір айғағы болса керекті 26 жасында ерен еңбегі ескеріліп, «Ерекше еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Кейін өз естеліктерінде Д. Қонаев алғашқы бұл марапатының орны ерекше екендігін атап өткені бар. Аз уақыттың ішінде іскерлігімен танылған жас маманның болашағынан зор үміт күткендер аз болған жоқ. Қонаевтың қызметтік өсу баспалдағы оның қажырлы қайраты мен осы іскерлігінің арқасында басталады. Машинистіктен цех бастығы, кеніштің бас инженері және оның директоры болып сайланды…
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы тірлікті ширату, жандандыру Қонаев сынды жалынды жас маманға жүктелген ерекше міндет болатын. Өндірісті дамытуда зор ұйымдастырушылық қабілеті бар тылдың өз майданында Димекең сынды жауапты жауынгерлер жүрді. Еңсені езген сол замандағы қайғы қасіретті сейілтетін, елдің рухын көтеретін, алғы күннен үміттендіру үшін де қиын-қыстау уақытқа қарамай өндіріс ошақтарын салу осындай жауынгерлердің міндеті еді. Тығырықтан жол тауып қана қоймай, елдің, жердің жайын күйттеуді басты мақсат тұту оның маңдайына жазылған білем. Д.Қонаев өзінің естелік кітабында: «Қашан да бірінші болу құрметті, бірақ тыңнан соқпақ салу, мешеу елде ірі кәсіпорынды жолға қою маған оңайға түскен жоқ», – деп жазыпты.
Сұрапыл соғыс жылдарында Д.Қонаев өндіріс жұмысын жоғары дәрежеде ұйымдастырушылардың бірі ретінде ғана танылған жоқ. Ол Қазақ КСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің орынбасары болып қызмет атқарды. Жауапты бұл қызметте ол 1952 жылға дейін болды.
Тізбелеген пендеге тау тұлғаның ерен еңбегі таусылмайтыны ақиқат. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған, сегіз рет Ленин орденімен марапатталған жанның рухани жан дүниесі бай, терең ілімді ғалым екендігін де атап өткен жөн. Ғылымда Қонаевтың жүздеген еңбегі жоғары бағаға ие.
Елге етене жақын болған басшынының жыл сайын Шәуілдірге, бабтардың бабы Арыстанбабқа, Түркістанға- Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне арнайы келіп, зиярат етіп отырғанын бүгінде оңтүстікқазақстандықтар арасында жыр ғып айтатындар жетерлік. Елдің ерекше ықылас танытып, жақсы көрген қасиеттерінің бірі де осы имандылығын сақтағаны. Жалпы, жыл сайын Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне зиярат еткендігі жөнінде кезінде ҰҚК қызметкері болған, отставкадағы полковник Төлеген Жақыпбаев өз естеліктерінде былай дейді: «Димаш аға кесененін ішін аралап көріп, алдымен көрханаға кіріп біраз бөгеліп, іштей күбірлеп бет сипайтын. Құлыптасты қолмен сипап шығатын. Құдықханаға барып, қалтасынан 15 тиын алып тастағаны есімде. Айналасында тұрған азаматтар құлағымызды түріп, судың шолп еткен дыбысын еститінбіз. Дінмұхамед Ахметұлы өзі құдықтан су тартып ішетін. Жанындағы жігіттерге ұсынып, «ішіңдер, бұл судың дәмі бөлек, зәмзам суы. Ішсеңдер армандарың орындалады»,- дейтін ерекше ықыласпен».
Осының өзі-ақ, діннен шошынып, имандылығымыздан ажырап қала жаздаған заманда ел басқарып отырып, Мәскеудің саясатына жалтақтамай елді өзі бастап игі іске ұйыта білгендігі емес пе?
Д.Қонаевқа жақын-жуық болған, кездескен, сұхбаттасқан азаматтардың естеліктерін оқып отырып, өмірде өте қарапайым, кішіпейіл болғанын аңғару қиын емес. Дүние байлық емес, шын байлық рухани байлық деп ұғынғандығын көресіз. Елді жиі аралап тыныс-тіршілігімен танысқанды, шаруашылықтарда болып, шаруамен сұхбаттасқанды жаны қалайды. Сондай сапарлар барысында ел, өз ықыласын түрлі сый-сияпат жасаумен білдіруге асығатыны бар. Алайда, өзіне тарту етілген ақбозаттарды сол ауылдың зиялысына, қариясына, еңбек ардагеріне ізеттілікпен ұсынып, сыйлап кететін.
Айтпақшы, белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлының ұлы Бердалы Оспан өзінің «Қазақтың Қонаевы» атты еңбегінде былай деп жазады: «Дiнмұхаммед Ахметұлының Димаш деп аталу тарихын белгiлi ел басшыларының бiрi — Нұртас Оңдасынов былай деп еске алады: «Халық комиссарлары кеңесiнiң төрағасы қызметiнде жүргенiмде Шығыс Қазақстан облысына iссапармен барып, елдi аралап, облыс ауыл шаруашылық жайымен көбiрек таныстым. Соңғы күнiмдi атақты қызыл түстi металл комбинатына арнадым. Қасыма комбинаттың бас инженерi жас қазақ жiгiтiн қосты. Ол ұзын бойлы келген, салиқалы да, сабырлы, өндiрiс техникасын жақсы бiлетiн, бiлгiр металлург екен. Мен бiлмейтiн көп жайлармен кеңiнен таныстырып, мағлұмат бердi. Бiлiмдар, iскер мiнезiне қайран қалдым. Астанаға келген соң басшылықпен келiсiп, аппаратқа шақырып, он жылдай орынбасарлық қызметтi қалтқысыз атқарды. Ол Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев болатын. Пленумдарда, сессияларда немесе күнделiктi мәжiлiстерде Дiнмұхаммед деген ұзын есiмдi атаудың орнына Димаш деп ат қойып едiм, ел-жұрт осылайша қоштап, қуаттап кеттi…».
Бұл Дінмұхамед Ахметұлының Димаш деп аталуына негіз боларлық дәйек. Орайы келгенде әкесі Ахметтің бойында меңі болғандықтан қазақтың ырымымен есіміне «Меңілі» деген тіркестің жалғанып, Меңілахмет деп аталғанын да айтып өткіміз бар.
Жалпы алғанда бүгінгі қазақ үшін, Желтоқсан көтерілісін еске алғанда Қонаевты еске алмау, Қонаев дегенде Қазақстан идустриясына негізін қалаған, елімізде кең байыту саласын дамытқан, қазақ ғылымын жандандырған жан ретінде ауызға алмау мүмкін емес. Қазақстанда «Қонаев салдырған қала» деп мақтанышпен атайтын шаһарлар бар. Биыл 30 жылдығын атап өткелі отырған Медеу мұз айдыны, Көктөбе, Шымбұлақ сынды демалыс аймақтары Қонаевтың қолтаңбасы.
1954 жылы құрылған, кезінде Қазақ ССР-ін талай елге танытқан «Қайрат» футбол командасына да Қайрат деп ат берген Қонаев дейді білетіндер.
Руханиятта, әдебиет пен өнер саңлақтарына ерекше ілтипатпен қарап қуаттап отырғанын белгілі қаламгерлердің естелігінен аңғару қиын емес. Мысалы, Д.Қонаевтың ақын Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шахановтарды қатты құрметтейтінін, өз заманында олардың шығармашылығын шыңдай түсуге септігін тигізгенін сол естеліктерден білу оңай. Бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова, күміс көмей Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішевтей тұлғалардың танылған тұсы – Қонаевтың заманы. Қазақтың айтулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова кезінде өзінің мерейтойына қадірлі қонақ болыңыз деп зейнеткер Димаш ағаны үйіне шақыра барғанда Зухра апамыздың қазақтың ақын қызына «ағаңның көзіндей көріп жүр, ағаң тарту еткен сыйлық деп қабылда» деп қолына жүзік тағуы өнер саңлақтарына деген құрметінің белгісіндей. Жеңгесінің қайынсіңлі, қайындарына жасайтын тарту таралғысы болатын қазақтың әдемі салтын сақтай білген шынайы азаматтық өнегесі деу керек шығар.
Жары Зухрамен өткізген жарасымды жанұялық өмірінің өзі көпке өнеге боларлық ғұмыр.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев саналы ғұмырын қазақтың өсіп-өркендеуіне арнаған жан.

Ай-Қаракөз СИҚЫМБАЕВА.

Ал осы кезде…

Ертең Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтеді деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Дінмұхамед Ахметұлының мұраларын мәңгі жадымызда сақтау үшін, М.Әуезовтің мұражай үйінің директоры Диар Асқарұлы Қонаевтың ұйытқы болуымен шежірелі фотоальбом жарық көрген-ді. Алматыдағы Д.Қонаевтың өзі тұрған үйі мұражайға айналғалы қашан. Ал мерейлі датаға орай, жуырда сол мұражай үйі қанатын кеңге жайды. Тағы да Димаш ағаның пәтер-мұражайы ашылды.
Қазақтың біртуар текті ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаевтың мерейтойын жер-жерде атап өту, жыл бойына жалғасын таппақ. Бақанаста да ұлы тұлғаға арналған ескерткіш кешен құрылысы жүріп жатыр. Сәтін салса ел оның салтанатты ашылуына да куә болмақ.

Бақтияр ӘЖІБЕКОВ, ОҚО Д.Қонаев атындағы қоғамдық қордың төрағасы:

– Дінмұхамед Ахметұлы басшылық жасаған жылдары Қазақстан Республикасының абыройы асқақтап, дамыды. Ол әсіресе, кадр мәселесіне көп көңіл бөлді. Билікке білікті, білімді мамандарды тарта білді. Д.Қонаев өз еліне, жеріне деген шынайы сүйіспеншілігі арқасында халықтың ықыласына бөленген жан.
Солақай саясаттың кесірінен кезінде бізден бөлініп, Өзбекстанға берілген аудандар Қонаевтың тұсында қайтарылды. Ол ғылымға көп көңіл бөлді. Жалынды жастардың ғылым-білім қууына көп қамқорлық танытқан жан. Өйткені Қазақстанның болашағы солардың қолында екендігін алдын ала болжады. Қонаевтың тұсында елімізде өндіріс орындары көптеп салынып дамыды.
Д.Қонаевтың рухы-қазақтың рухы.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, ҚР Сенатының депутаты:

– Дінмұхамед Ахметұлы республикада тек саяси басшы ғана емес, ұлттың рухани тәлімгері. Ол қол жеткізген жетістіктерімізге ерекше қанаттана да, кемшін тұстарға жан жүрегімен күйзеле де білетін жан еді. Адамдармен қарым-қатынаста оның бойынан жылулық есіп тұратын. Әсіресе, жас мамандарды қолдап, қуаттаудан аянбайтын.
Димекең өз халқының ұлы перзенті, туған елге қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсете білген тұлға.

( «Кемеңгер Қонаев» кітабынан ықшамдалып алынды)

Артық болмас білгенің…

1. Д.А.Қонаевтың ата-бабалары, Ұлы жүз Бәйдiбектiң екiншi жұбайы Зерiптен туған Жалмамбеттiң Ысты деген баласынан тарайды. Жеті атасын тарқатсақ: Жолан – Нұрмамбет – Азынабай – Қонай – Жұмабай – Меңлiахмет – Дінмұхамед.

2. Д. Қонаевтың әке-шешесі Меңлiахмет (Ахмет) пен Зәуре он бiр бала тәрбиелеп өсіреді. Дiнмұхаммед олардың үшінші перзенті.
3. Д.Қонаевтың жұбайы Зуһра Шәрiпқызы. Ұлты — татар.

Дәуір тұлғасы
Сөзін жазған Әбілда Аймақ
Әнін жазған Нышан Төлегенов

(Дінмұхаммед Қонаевтың 100 жылдығына арнадық.
Авторлар.)

Сенің орның биіктерде, тереңде,
Сыймайсың сен сырлы әнге, өлеңге.
Өмір бақи әлпештеген қазақты
Сендей бекзат қайта айналып келер ме.

Қайырмасы:

Алатаудың шынары,
Қаратаудың бұлағы.
Қазағымның тұлғасы,
Бабалардың тұмары,
Менің алтын ғасырым.
Бәйдібектің ұланы,
Кең даланың құланы,
Болашақты бастаған,
Келешектің шырағы.
Дінмұхамед асылым!

Алатаудай қабырғалы ұлығым,
Пайғамбардай ғұмыр кештің, тұнығым.
Тіршіліктің жүрегінде қалыпты,
Қаратаудай мұқалмайтын сынығың.

Сен деп қалам өткен соңғы ғасырды,
Сен деп қалам көкті тілген жасынды.
Сендей перзент болған емес қазақта
Босағадан төрге апарған басымды.