Көшені қаптаған мал терісін тексеретіндер табылмады

445
тері

ОҚО құтыру ауруының таралуына қолайлы өлке болып табылады. Оған дәлел өткен жылы осы дертке шалдыққан азаматтарды айтпағанда, 10 жануар құтыру ауруын жұқтырған. Соның бірі жабайы шиебөрі. Биылғы қыста да үй жануарларына қасқырлардың шабуыл жасаған жағдайы жиілеген. Сол себепті, мамандар құтыру ауруының таралуының алдын алу шараларын қатаң қолға алмақ.

Шымкент қаласында малдан жұғатын аурулардың таралуына ең қауіпті орын қырғы базар аумағындағы Алдияров көшесі деуге болады. Мұнда облысымыздың түкпір түкпірінен әкелінген мал терілерін көптеп қабылдайды. Бір қызығы сол тері қабылдауды кәсіп еткендерді оның шыққан жері, қай ауданнан және қалай сойылған малдың терісі екендігі қызықтырмайды. Тек одан пайда көрсе болғаны.

Біздің санақ бойынша Алдияров көшесінде мал терісін қабылдайтын 20\25 орын бар. Өкініштісі, ондаған жылдар бойы осы қауіпті нүктелерді жабуға бір де бір құзырлы мекеме табылмады.  Әлі табылмауы да мүмкін. Тіпті аумақтық ветеринарлық инспекция мамандары да бұл көшеге бара алмайды, тексеру жүргізейін десе, кәсіпкерлік заңын бұзады. Көше ортасында шыққан жері күмәнді затты саудалап жатқандар кәсіпкер не кәсіпкер еместігі ешкімді қызықтырмайды.

Жасыратындығы жоқ, Еңбекші ауданының әкімдігі ветеринарлық инспекцияға бір емес, бірнеше мәрте хат жолдаған. Жылдың қазан айында осы көшеге инспекция мамандарын да жіберген. Нәтижесінде 6 үйге 52 мың теңге айыппұл салыныпты. Содан бері бұл көшедегі келеңсіздікті жоюға ешкім құлық танытпаған. Бәрінің желеуі бір кәсіпкерлік заңы. Ал ветеринарлық инспекцияның желеуі тіптем қызық. Олар осы көшеде қауіпті ауру тіркелгенде ғана тексере алады екен. Олай болса, қырғы базар маңында тамақтану орындары мол екендігін ескерсек, одан да зор қауіптің де ауылы алыс емес.