Еркін күрестен оңтүстіктің үздік палуандары сынға түсті. Шымкентте облыс біріншілігі басталды. Бұл жолы спорт алаңында 126 спортшы сынға түссе, жарыстың екінші күні де жүзден астам жерлестеріміз өзара чемпиондарын анықтайтын болады.
Нәтижесінде оңтүстіктің бапкерлері облыс құрама командасын жасақтап, ақпан айында ел чемпионатында мықтылық танытуға тырысады. Республикалық жарыста сүрінбей, бүкілкомандалық сынақта бас жүлдеге ие болуымыз тиіс дейді жаттықтырушылар.
Қанат Ниязбеков, еркін күрестен жасөспірімдер арасында аға бапкері:
«Біздің басты жоспар Қазақстан Чемпионатында жүлделі болу. Оның үстіне жарыс Шым қалада өтеді. Ұятқа қалмай, медальдар қатарын көбейте түсуіміз тиіс. Ал бұл жарыс сол негізгі сынға дайындық деуге де болады.»
Сондай-ақ, грек рим күресінің жас палуандары да өзара чемпиондарын анықтады. Облыс біріншілігі Шым қалада жалауын көтерді. Бұл жолы 300-ге жуық жеткіншек белдесті. Біріншілікте ептілігін сынға салу үшін Оңтүстіктің шалғай аудандарынан да спортшылар жиналған.
Самат Омарқұлов Олимпиада чемпионы атансам деп армандайды. Алайда талғамы биік спортшының бапкері шәкіртінің әзірге облыс біріншілігіндегі сынақтан сүрінбей өтуін жоспарлап отыр. Ақсукенттен келген Самат алғашқы қарсыласын жеңе білді. Енді чемпион атағы үшін таласқа түседі.
Самат Омарқұлов: «Менің басты жоспарым Қазақстан Чемпионатына жолдама жеңіп алу. Осы іріктеуден өтсем, мақсатыма алғашқы қадам жасадым деуге де болады.»
17 команда палуандарының арасынан облысымыздың грек рим күресінен аға бапкері іріктеу жасап, құрама жасақтайды. Жүзден жүйрік шыққандары ел біріншілігінде сынға түсетін болады.