ОҚО-ның бірқатар ауылдарын су алды

290
ауылдарды су алуда

Арыс ауданының Монтайтас ауылын су басты. Ауа райының күрт жылынғаны мен қатты жауыннан ауылдағы канал арнасынан асып кеткен. Монтайтас арқылы өтетін каналдан асқан су 19 үйді басып қалды. Су басқан 56 үйдің тұрғындары көшірілді, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Монтайтаста 614 үй және 4 088 тұрғын тіршілік кешуде, адамдар аман, қирандылар туралы деректер жоқ. Оқиға болған орында комиссия құрылды. Апаттың алдын алуға 140 маман мен 22 техника жұмылдырылды.

Отырар ауданын да су басу қаупі бар. Әлімтаудан еріген қар мен күннің жылынуы 300 үйімен 2 200 тұрғыны бар Қожатоғай ауылының тұрғындарына қауіп төндірді. Барлық тұрғындар ауылдағы мектеп пен мешіттің ғимаратына көшірілді. Әзірге, жапа шеккендер туралы мәлімет жоқ. Көшірілім барысында тәртіп сақшылар мен құтқарушылар жұмылдырылса, ауыл тұрғындары негізгі жұмыстарды атқаруда.
Еске сала кетейік, жуырда ғана қос вице-министр Ж.Смаилов пен М.Толыбаев облысымызда бас қосып, судан келетін төтенше жағдайды алдын-алудың жолын қарастырған еді. ТЖД баспасөз қызметінің соңғы мәліметі бойынша, 17-ақпан күні Шардара суқоймасындағы судың көлемі 4474 млн. м³ құрап отыр. (ал ол арнайы жоспарда 5200 млн. м³ көлемді құрайды). Қазгидромет орталығының мәліметі бойынша, Қызылорда облысының солтүстік ауданындағы мұздың қалыңдығы 65 см, ал оңтүстігінде-15-25 см екен.

Апат айтып келмейді. Сондықтан сақтық шараларын күшейтіп,  ауыл тұрғындарын аман алып қалудың алдын-алу жұмыстарын тиімді жүргізуге барынша тырысып бағайық.  Ел аман, жұрт тыныш болу үшін, төтенше жағдайға төтеп беретіндей техникамыз бен  құтқарушыларымыз еңбегін еселемек.