Су мен кәріз жүйесін автоматтандыру — саланың сапасын арттыратын басты фактор. Қазір Қазақстанда инженерлік желілерді цифрландырудың ұлттық жобасы қарқын алды. Шымкентте бұл бағытта қандай жұмыс атқарылды? Заманауи диспетчерлік қызмет су жүйесін қалай басқарады?
Су жүйесін цифрландырудың тиімділігі Орталық диспетчерлік қызметтің жұмысынан айқын байқалады. Мұнда мамандар су шығыны мен құбырлардағы қысымды тоқтаусыз қадағалап отыр. Автоматтандырудың арқасында инженерлер жүйені диспетчерлік пульт арқылы қашықтан басқарады. Бұл қадам қаланың су инфрақұрылымын басқару ісін оңтайландырды.
АРМАН БОЛАТБЕКОВ, «СУ РЕСУРСТАРЫ-МАРКЕТИНГ» ЖШС ОРТАЛЫҚ ДИСПЕТЧЕРЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Жаңа технологияның арқасында біз апаттық жағдайды 40 пайызға төмендетіп отырмыз. Қысым реттегіштерді орнату арқылы орынсыз су шығынын 36дан 16,5пайызға азайтып отырмыз».
Шымкенттің су жүйесі енді — алақандағыдай. Мамандар геоақпараттық жүйе негізінде қаланың цифрлық гидравликалық моделін әзірледі. Бұл құрылғы құбырлардағы қысым мен су ағысын орталық монитор арқылы толық бақылауға мүмкіндік береді. Егер көрсеткіш кенет өзгерсе, диспетчерлер дереу іске кірісіп, ірі апаттардың алдын алады. Жаңа технология су шығынын азайтып, ал жөндеу шығынын едәуір үнемдеді. Сонымен қатар, диспетчерлік қызмет жұмысына GPS-навигация жүйесі де енді.
НҰРЖАЙ АЙТПАЕВ, ДИСПЕТЧЕР: «Мен бұл жерде утечка бар жоқ барлық операторлардан отчет алып, компьютерге енгізіп отырамын. Жіне ЖПС-ке қарап кімнің не істеп, бәрі бақылап отыруға менің міндетіме жатады».
«Су ресурстары-Маркетинг» серіктестігі бүгінде 273 мың абонентке қызмет көрсетеді. Бұл — мегаполистің 1 миллион 250 мың тұрғыны сумен қамтылды деген сөз. Сондай-ақ мекеме 10 мың әлеуметтік және коммерциялық нысанды сапалы сумен қамтамасыз етіп отыр. Енді ұлттық жоба аясында мамандар су құбыры желілерін толықтай SCADA жүйесіне көшіруді көздеп отыр.
Ботакөз Әнуар






