Студенттер емханасының жұмысы

265
дәрігер қарауда

Студенттер ауырса қайда барады? Қаламызда олардың денсаулығын қадағалап отыратын студенттік бөлімшенің жұмысы қандай?

Толқынай Тазабек. 3-курс студенті. Мазасы қашып, ыстығы көтерілген соң, қаламыздағы орталық емхананың құрамындағы студенттер бөлімшесіне ем іздеп келді.
Дәрігердің қабылдауында болып, керекті кеңесін алды. Толқынайға жіті тексеріліп, барлық сараптамадан өтетін болды. Оны мазалаған тұмау болып шықты. Енді ол тұмауға қарсы дәрілерді ішіп, сауығып кетемін дейді.

Толқынай Тазабек, студент: «Өзің ауырып келгенде, дәрігерлердің жылы қабақ танытуының өзі жанға жұбаныш екен. Үйде езіліп жата бергеннен, дәрігерлерге қаралып, кеңес алуды жөн көрдім. Қандай ауру болсын, ойнауға болмайды».

Кейіпкеріміз жақсы баға берген бұл емдеу бөлімшесінің ғимараты ескі болғанымен, студенттер мен жасөспірімдерге медициналық көмек пен профилактикалық тексеру жүргізуі үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 12 терапевт дәрігерден бастап, хирург, гениколог, лор, психолог және көз, тіс дәрігерлеріне дейін бар. Әр қайсысының кабинеті соңғы заманауи үлгідегі техникалармен жабдықталыпты.

Халипа Арапбаева, орталық емхананың студенттер бөлімшесінің бас дәрігері: «Көп студенттер келеді бізге. Олардың оқитын жоғары оқу орындарына байланысты дәрігерлер бөлінген. Егер денсаулығында бір ақаулар байқалып жатса, арнайы есепке алынып, жіті қадағалауда болады. Ал өзін-өзі емдеу қателік. Қайта ауруын асқындырып алды».

Шағын бөлімшеде 55 778 студент тіркеліп, емделіп тұрады екен. Күніне кем дегенде 800-дей жасқа қызмет көрсетіп, түрлі аурулардың алдын-алуда. Мұндағы дәрігерлердің айтуынша қазіргі жастар өзін-өзі емдеуге ұста көрінеді. Бірақ, бұл дұрыс әдіс емес, қайта ауруын өршітіп алу қаупі басым дейді бас дәрігер.

Біріне емі, енді біріне дәрігер кеңесі шипа болып жүрген бөлімше туралы жастардың пікірі жаман емес. Сен жас екенсің деп, ауру сырт айналмасы ақиқат. Ендеше, аурып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік.