18 шілдеде еліміздің барлық мемлекеттік онкологиялық орталықтарында тері, сүйек және жұмсақ тін саркомаларын ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтті. Осы күні тұрғындар онколог дәрігерлердің тегін қабылдауынан өтіп, қажетті тексерулерден өтті. Шымкентте өткен профилактикалық тексеру қалай ұйымдастырылды? Мамандар қатерлі дерттің алдын алу үшін қандай кеңес береді?
18 шілде – тері, сүйек және жұмсақ тін саркомаларын ерте анықтауға арналған Ашық есік күні. Осыған орай Шымкент қалалық көпбейінді онкологиялық орталығы бар ауруханада тұрғындар онкологтардың тегін қабылдауынан өтіп, қажетті тексерулерден өтті. Дәрігерлер әрбір келушіні қарап, қажет болған жағдайда қосымша диагностикалық зерттеулерге жолдама берді.
ТҰРҒЫН: «Бүгін арнайы тексерілуге келдім. Денсаулықты күтіп, аурудың алдын алу үшін осындай тексерулерден уақытылы өтіп тұрған дұрыс деп ойлаймын»
ТҰРҒЫН: «Әкемді тексеруге алып келдім. Дәрігер қарап, қазіргі таңда қауіпті өзгеріс жоқ екенін айтты. Осындай тегін тексерулердің ұйымдастырылғаны өте жақсы»
Бұл жолғы Ашық есік күні тері, сүйек және жұмсақ тін саркомаларын ерте анықтауға арналды. Мамандардың айтуынша, саркома – сирек кездесетін, бірақ өте агрессивті қатерлі ісік. Ауру көп жағдайда ауырсынусыз басталып, денеде кішкентай түйіннің немесе ісіктің пайда болуымен байқалуы мүмкін. Сондықтан мұндай белгілерді елемей, уақытылы дәрігерге қаралу маңызды.
Ақпанбетов Талап, Онкоторакальді хирург: “Аурудың бастапқы кезеңінде көп жағдайда ауырсыну болмайды. Әдетте жұмсақ тіндерде немесе сүйек маңында кішкентай ісік тәрізді түзіліс пайда болады. Уақыт өте келе оның көлемі ұлғайып, ауырсыну қосылуы мүмкін.Саркома өте қауіпті. Ісік көлемі шағын болғанымен, ағзаға тез таралып, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін”.
Ашық есік күніне 30-ға жуық тұрғын қатысты. Қатерлі ісікке күдік туған азаматтарға қосымша диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, әрі қарай емдеу тактикасы бойынша ұсынымдар берілді.
ДАУЛЕТБЕК ЖҰМАН, Шымкент қалалық көпбейінді онкология және хирургия орталығы директорының орынбасары: “ Аурудың белгілері байқалған жағдайда ары қарай диагностикаға жібереміз. Бұл ауру барлық тіндермен, терімен тікелей байланысты”
Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісікпен күрестегі ең тиімді жол – ауруды ерте анықтау. Сондықтан денеде ісік тәрізді түзіліс, ұзақ уақыт басылмайтын ауырсыну немесе басқа да күмәнді өзгерістер байқалса, өздігінен емделмей, міндетті түрде онкологқа қаралған жөн.
Лаура Нахыпқызы

