Úı ANONS Шымкентте шахмат күніне арналған балалар турнирі өтті

Шымкентте шахмат күніне арналған балалар турнирі өтті

Жыл сайын 20 шілдеде әлем жұртшылығы Халықаралық шахмат күнін атап өтеді. Осы атаулы дата қарсаңында Қажымұқан атындағы стадионда жүзге жуық жас өренді басын қосқан ауқымды балалар шахмат турнирі ұйымдастырылды. Зияткерлік сайыс жас ұрпақтың ойлау қабілетін дамытып, бұл спорт түріне деген қызығушылығын арттыруды мақсат етеді. Тартысты өткен додада қатысушылар өз шеберліктерін ортаға салып, тақта басында бар мүмкіндіктерін көрсетті.

АЛЬ-МАДИ БАУЫРЖАНҰЛЫ, ТУРНИР ҚАТЫСУШЫСЫ: «Шахматтан чемпион болғым келеді. Мақсатым — үлкен биіктерді бағындырып, гроссмейстерлермен ойнау. Жарыстарға қатысып, тек бірінші орындарды иеленуді армандаймын».

Турнир соңында сайыстың әрбір қатысушысына арнайы естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталды.Бұл доданың басты әрі ерекше тосынсыйы — Алматы қаласынан арнайы алдырылған жасанды интеллект пен жоғары технологиямен жабдықталған шахмат роботы болды. Ерекше қонақ алаңға жиналған балалардың үлкен қызығушылығын оятып, ерекше қуаныш сыйлады. Жас шахматшылар заманауи темір қарсыласпен тікелей бақ сынасып, өз күштерін сынап көруге мүмкіндік алды.

МҰХТАР АЙНАҚҰЛ, ТУРНИР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ: «Бұл жарыс Халықаралық шахмат күніне арналып отыр. Қажымұқан атындағы стадионда өткізіліп жатқан турнирдің жалпы жүлде қоры — 600 мың теңге (оның ішінде 500 мыңы тікелей бәсекеге тігілді). Бұл — 7 кезеңнен тұратын сериалдың біріншісі. Жаздың соңына дейін әр апта сайын осындай турнир ұйымдастырамыз»

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаз бойы жалғасатын бұл ауқымды жоба жас талапкерлер үшін үлкен тәжірибе алаңына айналмақ. Алдағы кезеңдерде де жас шахматшылар бақ сынап, өз деңгейлерін шыңдауға мүмкіндік алады. Мамандардың пікірінше, мұндай тартысты бәсекелер мен сапалы жарыстар болашақта елімізден әлемдік деңгейдегі гроссмейстерлердің шығуына септігін тигізеді.

Ботакөз Әнуар