Úı ANONS «Су шашып, балмұздақ берді»: Төтеншеліктер балаларды тағы қуантты

«Су шашып, балмұздақ берді»: Төтеншеліктер балаларды тағы қуантты

Шымкентте аптап ыстықта балаларға тағы ерекше тосынсый жасалды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Көкжайлау» тұрғын алабының ауласына  арнайы барып, бүлдіршіндерге су шашып, балмұздақ таратты. Сонымен қатар өрт, судағы және тұрмыстағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Балалар мен ата-аналардың қуанышы, төтеншеліктердің игі бастамасы және мұндай акцияның қашанға дейін жалғасатыны – алдағы сюжетте.

 

Бұл Шымкенттегі «Көкжайлау» тұрғын алабындағы балалар алаңшасы. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің кезекті балаларды қуантқан сәті. Балалардың риясыз күлкісі, су астында бірімен-бірі ойнап, шаттана жүгіруі айналаны ерекше жылылыққа бөледі.

 

Төтеншеліктер аптап ыстықта балаларға су шашып, бір қуантса, балмұздақ таратып тағы бір рет  мәз-мейрам етті. Одан бөлек балалардың қауіпсіздігіне арналған бірнеше танымдық көрініс ұйымдастырылды. Яғни тұрмыстағы, су айдындарындағы және өрт қауіпсіздігі қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ата-аналарға, балаларға жадынама таратылып,  кеңес берілді.

 

«Өрт сөндірушілер Шымкенттің 46 градусда келіп, балаларды қуантып, мұздай сумен шомылдырып жіберді, сол өрт сөндірушілерге көп, үлкен-үлкен рақмет айтамыз».

«Тұрғындар бәрі бір демалып, жақсы көңіл-күйге сергіп қалды мына ыстық күнде. Үлкен-үлкен рақмет! Осы әрі қарай жалғасын таба берсін ыстық, мына қырық күн шілдеде».

Ал балалардың әсері тіптен ерекше. Олар шіліңгір шілдеде салқын сумен ойнап, сергіп қалғандарын қуана жеткізді.

 

Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында су шашу акциясы өткен аптада басталған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, игі шара аптап ыстық басылғанша жалғасады.

 

МҰРАТ СЕРІКБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Бұл игі істің басты мақсаты балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Және өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау болып табылады. Бұл су шашудың мақсаты бұл жерге өрт сөндіруге келген жоқпыз. Бұл аумақта тұратын балаларға көңіл күй сыйлауға келдік. Бұл іс-шараның мақсаты жаздық ыстық кезеңде ауқымды түрде өткізілуде».

Ресми мәліметке сәйкес, акция қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігінің бірлескен бастамасы. Күніне кемінде бес аулада су шашылып, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

 

Дилара Иса