Түркістан облысындағы туристер жиі баратын Төле би ауданында тазалық жұмыстары күшейтілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жарты жыл ішінде 1 миллион тонна қоқыс шығарылған. Оған қоса жүздеген шақырым арық пен жол жиегі тазартылған. Ал табиғатты ластағандарға әкімшілік хаттама толтырылып, айппұл салынған. Туризмді дамытумен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Түркістан облысындағы Төле би ауданы – туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Табиғаты көркем, климаты қолайлы аймақта жыл сайын демалушылар саны артып келеді. Бүгінде мұнда «Тау Самалы», «Эдельвейс», «Бәйшешек», «Робинзон» лагерьлері, сондай-ақ «Эко Village Каскасу», «Айнабұлақ», «Альтекс», «Біркөлік» сауықтыру кешені мен тау шаңғысы базасы келушілерге қызмет көрсетеді. Балдыберек пен Төңкеріс ауылдарының табиғаты да жазғы әрі қысқы туризмді дамытуға қолайлы. Сондықтан туризммен қатар қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.
Аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – тек айналаны тазалау емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Ресми мәліметке сәйкес, биылғы алғашқы алты айда ауданда 1 миллион тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ 134 шақырым арық-атыз тазартылып, облыстық маңызы бар 736 шақырым және аудандық маңызы бар 631 шақырым жолдың жиегі ретке келтірілген.
Аудан әкімдігі өкілінің айтуынша, тазалық талаптарын бұзғандарға қатысты әкімшілік шаралар тұрақты түрде қолданылады. Әкімшілік хаттамаларды учаскелік полиция қызметкерлерімен қатар ауылдық округ әкімдері де толтыра алады. Жыл басынан бері 700-ден астам әкімшілік хаттама рәсімделіп, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 18 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бүгінде ауданда тазалық жұмыстарымен 115 мекеме айналысады. Бұл салада 4500-ден астам адам еңбек етеді.
Бағдатбек Жанғазиевтің пікірінше, табиғатты аялау мен экологиялық мәдениет әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Бұл қоршаған ортаны сақтауға әрі келер ұрпаққа таза табиғат қалдыруға негіз болады. Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері Төле би ауданына 5 мыңға жуық турист пен демалушы келген.
Туризмді дамыту табиғатты сақтаумен қатар жүруі тиіс. Сондықтан тазалықты сақтау – тек коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір тұрғын мен демалушының ортақ міндеті. Мамандардың айтуынша, экологиялық мәдениет қалыптасқан жағдайда ғана өңірдің көрікті табиғатын келер ұрпаққа сол қалпында жеткізуге болады.
Дилара Иса






