Қаламызда егін жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Биыл мамандар 81 мың тонна көлемінде өнім аламыз деп отыр. Алайда диханшыларды аптап ыстық әбігерге салуда. Өйткені бір лап берсе, тілсіз жауды ауыздықтау оңай емес.
Аптап ыстық диханшылардың жұмысын қиындатып отыр. Қазір дала мен алқаптағы егін қураған кезең. Диханшылар үшін ең жауапты егін жинау кезеңі жүруде. Бірақ 45-46 градустағы ауа райында кез келген сәтте өрт шығып кету қаупі жоғары. Шілденің шіліңгір ыстығында алқапқа бір ұшқын түссе, тілсіз жаудың алдын алу оңайға түспейді. Сондықтан төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Арнайы мамандар диханшылармен келіп қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Мұндағы басты талап қандай да бір өрт болған жағдайда арнайы құрылғылармен дәл осындай жерді жырту керек. Сонда өртті қоршап,үлкен шығынның алдын алуға мүмкіндік бар.
Диханшылардың айлар бойғы маңдай тері мен қажырлы еңбегі еш кетпеу үшін қазір аса қырағылық пен үлкен ұқыптылық қажет. Күннің аптап ыстығы мен қуаңшылыққа қарамастан, жыл бойы төгілген тердің ақталуы осы сәтке тікелей байланысты. Сондықтан әрбір қадамды аңдап басып, өнімді ысырапсыз, қауіпсіз жинап алу — қазіргі басты міндет.
ҚАМЫСБЕК АҚЫЛБЕКҰЛЫ, ТОО «АГРО-ДАРХАН» БАСШЫСЫ: «Бізде бірінші кезекте өрт қауіпсіздігін сақтаймыз. Бұл, мысалы, бидайда болмайтын жерден өрт шығады, оны өшіріп алып өтеу керек. Бізде ондай болған жоқ, болмайды. Бірақ біз соған сақадай сай тұрамыз. Өйткені ол салғырттықпен болмаса, қалай болсын, солай жұмыс істесе, өрт шығады. Ал бізде сол өртке қарсы егер болған жағдайда өшіретін деген екен техникамыз сақадай сай тұрған екен. Ондай қауіп болмайды. Болмай-ақ қойсын дейміз».
Төтеншеліктер қауіптің алдын алу үшін арнайы талаптарды қатаң ескертеді. Әрбір комбайн мен ауыл шаруашылығы техникасының жанында міндетті түрде кемінде 100 литр су және соқа болуы шарт. Егер кенеттен тілсіз жау тұтана қалса, бір секундты да жоғалтпай, дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласу қажет.
РАУАН НҰРЛЫБЕКҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бізде жылдың басында сәуір, мамыр айынан бастап, маусым айында 2 кезеңге бөлінетін минералды жолақ жұмыстарын жүргізеді. Бұның басты мақсаты — автокөлікпен кетіп бара жатқан кезде темекі тастап кетеді. Немесе шиша тастап кетеді. Жаңа айтып өттім ғой бізде өрт қауіпті кезең қазір күннің қатты өзгеруі ,ысуы байқалады».
Биыл өңірде жалпы 21,1 мың гектар алқапқа егін егілді. Оның ішінде 6,4 гектары — дәнді дақылдар, 3 мың гектары — майлы дақылдар, ал 9,8 мың гектары мал азығына арналған өнімдер. Науқан ай басында басталғанымен, бұған дейінгі жауын-шашын мөлшері де өз әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен, шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
САДАД АСҚАРҰЛЫ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Бұл егістіктерге жыл сайын мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Оның ішінде тыңайтқышы бар. Одай кейін егілген өнімді жинауға және егуге арналған мемлекеттен берілетін жанармай жеңілдетілген бағамен. Бұл қазіргі уақытта 281 тг -ден».
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қазіргі таңда алқаптардың 65 пайызына жуығы жиналып үлгерді. Жауапты сала мамандарының болжамынша, биылғы маусымда барлығы 81 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.
Ботакөз Әнуар






